RU

Швейцариялық бренд қағбадағы қажылықты бейнелейтін сағат шығарды

Швейцариялық Christophe Claret сағат бренді жаңа эксклюзивті серияның тұсауын кесті. «Mecca» сериясы бойынша Меккедегі Қағба бейнесі бар 56 сағат сатылымға шықты.

Айта кетейік, бұл сағат мұсылман қауымына арналып отыр.

Егер швейцариялық компания ұсынған «Mecca» сағатына мұсылман қауымынан сұраныс артып жатса, сағат шығару мөлшері де көбеймек, деп хабарланған Нұр Астана мешітінің сайтында.

«Mecca» сағатының дизайны да ерекше: циферблаттың ортасында екі ұлғайтқыш параболалы айна орнатылған, ол Қағба іспеттес қара түсті кубты ұстап тұрады. Ал сағат иесіне Қағба тасы циферблаттан көтеріліп жатқандай көрінеді. Сағаттың аллегориялық формасы Меккедегі тауаф рәсімін де қамтыған.

Сағатты таққан адам қозғалысқа түскен кезде циферблат бетінде жыбырлаған құм секілді ақ түсті қиыршықтар «Қағбаны» айналған қажылардай көрініс береді. Дизайнерлер осылайша Қағбадағы қажылықты көрсетуге күш салған.

«Mecca» сағатының тағы бір артықшылығы бар: тері бауға бекітілген шағын компасты арнайы навигатор арқылы қосып, қай жерде жүрсеңіз де құбыланы қиындықсыз табасыз. Сондай-ақ сағаттың артқы бөлігінде әлем картасы бейнеленген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/929506-shveycariyalyq-brend-qaghbadaghy-qazhyly.html