RU

Дінсіздерге қарсы "қарулы жихадқа" аттанған Атырау тұрғыны 8 жылға сотталды

Дінсіздерге қарсы "қарулы жихадқа" аттанған Атырау қаласының 23 жастағы тұрғынына үкім шығарылды деп жазды Ақжайық басылымы.

№2 қалалық сот Қылмыстық кодкестің 24-бабы («Қылмысқа дайындалу»), 172-бабы («Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу»), 256-баптың 1-тармағы («Терроризмді насихаттау»), 259-баптың 1-тармағы («Террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру») қарастыратын қылмыстар жасады деп айыпталған Атырау қаласының 23 жастағы тұрғынына үкім шығарылды.

Талғат У. (аты өзгертілді) 2008 жылы ислам қабылдап, дәстүрлі Әбу-Ханифа мазхабын ұстанған. Осы жылдың басында ол интернет арқылы Египеттен теологиялық білім алып келген К. есімді Атырау тұрғынымен байланысады. Әңгімелесу барысында К. оған ортақ таныстары Д.-мен бірге Египетке баруды ұсынады. Талғат пен Д. наурызда «Астрахан - Стамбұл» әуе рейсіне билет алады. Алайда «Құрманғазы» шекара бақылау бекетінде Талғаттың серігіне Ресейге кіруге тыйым салып, сапарды жалғыз жалғастырады. Стамбұлға дейін еш қиындықсыз жетіп, бірден Александрияға барып, К. жалдаған пәтерге қоныстанады.

Талғат араб тілін «Сахалюн» марказында (оқу орны) үйренген. Сонымен қатар, ол «Вконтакте» және WhatsApp ұялы қосымшалары арқылы исламшылармен, соның ішінде Сирияда «ИЛИМ-ДАИШ» халықаралық террористік ұйым қатарында қарулы қақтығысқа қатысушы Атырау облысының тумасы Ж.-мен байланыста болған.

Ж.-ға Атырау қалалық соты Қылмыстық кодекстің 172-бабында қарастырылған қылмыс жасады деп халықаралық іздеу жариялаған еді.

Ж.-мен хат алмасу кезінде Талғатқа дінсіздерге қарсы «қарулы жихад» радикалдық идеяларын түсіндіріп, «әлемдік Ислам халифатын құру үшін қасиетті соғысқа» қатысып, «Алла алдындағы мұсылманның парызын орындауға» шақырады.

Мақсатты психологиялық әсердің нәтижесінде Талғат «ИЛИМ-ДАИШ»-тың әскери бөлімшесі болып табылатын «Біріккен қазақ жамағаты» қатарына кіріп, Сирия аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысуға дайын екенін білдіреді. Сирияға бару мақсатында ол өз анасы және апасымен байланысқа шығып, Атырауға қайтатын әуе билетін алуға деп 120 мың теңге шамасында сома аударуды өтінеді.

Апасы, Талғаттың шынайы жоспарын білместен, оның банк карточкасына ақша аударады. Осыдан кейін ол Ж.-ға Сирияға баруға дайын екенін хабарлайды. Түрік құқық қорғау органдарының белсенді әрекеттеріне байланысты Ж. Талғатқа конспирациялық шараларды сақтау туралы айтып, исламшының сыртқы белгілерін жоюға кеңес береді. Сонымен қатар, түрік-сирия шекарасынан заңсыз өткізумен айналысатын тұлғалардың телефон номерін ұсынады.

Сәуір айының ортасында Талғат Стамбұлға дейін ұшақпен жетіп, сол жерде оны «ИЛИМ-ДАИШ» өкілдері қарсы алып, пәтерге орналастырады. Талғат содыр берген телефонға соғып, ИЛИМ қатарына қосылуға келісетінін растайды. Онымен телефон арқылы сөйлескен адам Сириямен шекаралас қалаға автобуспен қалай жету керектігін түсіндірді. Автовокзалда оны ИЛИМ рекруттарының жиналу бекетіне дейін жеткізетін таксиші күтіп тұратынын, сол жерден жол көрсетуші заңсыз жолмен оны түрік-сирия шекарасы арқылы өткізіп, ИЛИМ әскери бөлімшесі «Біріккен қазақ жамағаты» орналасқан Сирияның Мандбидж қаласына жеткізетінін айтады. Екі күннен кейін ИЛИМ өкілінің ұсынысымен Талғат пәтерін ауыстырады. Онда Сирияға баруды жоспарлаған, тек соғысуға емес, немерелері мен қаза болған баласының әйелін алып келуге бара жатқан қарт адам тұрып жатыр екен. Талғат Сирияға баруға арналған киім-кешектер (үш қол шамы, батарейкалар, төрт «мұсылман» көйлек-шалбары) алады.

Келесі күні Талғат қариямен бірге шекаралас қалаға баратын автобусқа отырады. Жолда Анкара автовокзалында Түркия құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тексеруі кезінде Талғаттан жоғарыда аталған заттарды көріп, оны ұстап алады. Сәуір айының аяғында түрік билігі оны ұшақпен Атырауға экстрадициялады.

Сот барысында қалалық прокуратура бөлімінің аға прокуроры Құрмет Сыдықов осы іс бойынша айыптауды мақұлдады. Талғат У. барлық баптар бойынша айыпты деп танылып, мүлігі тәркіленіп, 8 жыл жалпы режимдегі колонияға бас бостандығынан айыруға кесілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/930130-dinsizderge-qarsy-qaruly-zhikhadqa-att.html