RU

Алматы облысында мұғалімдерге қызының ұзатуына тойбастар тіккізген директор жаға ұстатты

Білім бөліміне жемқорлықпен аты шыққан, жұмыстан қуылған бұрынғы директорлар жайғасқан. Жаман атқа қалған басшыларды біле тұра облыстық білім басқармасы жұмысқа алыпты.

Алматы облысы Ащыбұлақ ауылының бір топ мұғалімі осылай деп базынасын айты. Айтуларынша, Іле ауданындағы № 20 мектептің директоры тігін цехын ашып, мұғалімдерді тегін жұмыс күшіне айналдырған. Артынша, прокуратура тексеру жүргізген, соның арасынша директор орнынан өз еркімен кетіп құтылған. Кейіннен сол директорды облыстық білім басқармасы ауданның әдістеме бөліміне қызметке алыпты.

Оқушылар әлі күнге дейін үстінен тастамай киіп жүрген  мектеп формасы бұрынғы директор Гүлсая Байтақованың цехынан шыққан. Еңбек пәні үшін мемлекеттің қаржысына алынған тігін машиналарын бизнестің көзі деп тапқан директор технологтарды тегін жұмыс күшіне айналдырған. Бұл арызданған ұстаздардың сөзі. Айтуларынша, бір жарым жыл басшыларының бизнесін жүргізген мұғалімдер сән үлгілерінің сан түрін тігіпті.

«Бізде киім тігу басталды. Ол жерде көптеген мұғалімдерге де киім тіктік. Ол киімді алу оқушыларға да міндеттелді. Тіптен қызметін асыра пайдаланып, өзінің жеке басына да киімдер тіктірді. Қызының ұзату тойындағы көйлегін тігіп шықтым»,- деді Іле ауданы №20 орта мектептің технология пәні мұғалімі Алима Әбілева.

Бұрынғы басшы қызының ұзату тойына қажетті тойбастарды да осы еңбек пәнінің алты мұғаліміне тіккізген. Қарсы шықсаңдар, сағаттарыңды азайтып, жұмыстан шеттетем деп қоқан-лоққы көрсетіпті. Ұстаздардың ұстанымынан соң директоры қызметінен кеткен. Бірақ артынша тұтас ұжымды аяғынан тік тұрғызған жаңалық шыққан бұрынғы директор ауданға әдістеме саласы бойынша жауапты қызметке тағайындалған.

«Әрбір мұғалімнен мың теңгеден жинайды. Тоғыз сағаттан төменгі жағдайда 500 теңге. Тоғыз сағаттан жоғарғы ставкадағы мұғалімдер 1000 теңгеден қорға деп жинайды. Бұл қорды жазғы демалыс кезімізде де жинадық. Қарап отырсаңыздар, мектебімізде 150 мұғалім бар. Сонда бір жарым жыл жиналып келді қор. Мәселен, мен ауыра қалған жағдайда сол күнімнің ақшасын есептеп директордың қалтасына құямыз»,- деді Іле ауданы №20 орта мектеп технология пәнінің мұғалімі Еркегүл Зейнелғабитқызы.

Мектеп емес, Байтақованың қолжаулығына айналған бір топ ұстаз прокуратураға шағымданып жүріп, бизнесмен басшыларын орынан алғызған. Алайда құзырлы органның үш жылға дейін мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуіне тыйым салғанына қарамастан, Байтақова аудандық білім бөліміне келіп қайта жайғасыпты. Тілшілердің келуінен хабардар болды ма, қабылдау кестесіне қарамастан, басшы да, қосшы да орындарында жоқ.

«Жалпы мекеме мемлекеттік, бірақ біз әдістеме бөлімі мемлекеттік орын болып табылмаймыз. Біз тек облыстық білім басқармасының бір бөлімі болып қана табыламыз. Жұмысқа қабылдағанда облыстық әдістеме бөлімі. Айлықты да солар төлейді»,- деді Іле ауданы білім бөлімінің бас әдіскері Сақыпжамал Сапақова.

Жалтара жүріп жауап берген ауданның бас әдіскерінің айтуынша, жұмысқа Байтақованы алған да, айлық төлейтін де аудандық білім бөлімі емес. Бар бұйрық облыстан. Ал, бұрынғы мектептің үстінен қарайтын басшы болып қайта келген экс-директор білімін көтеру үшін курсқа кетіп қалыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/930248-almaty-oblysynda-mughalimderge-qyzyn.html