RU

ОҚО-да аудандық әкімдік қызметкерлері әкімге арызды кіргізу үшін тұрғындардан 5000 теңге талап еткен

ОҚО тұрғыны Айнұр Мәмбетова "Балам бар деп жылап жүріп, арызды 2000 теңгеге кіргіздім" дейді. Бұл туралы NUR.KZ тілшісіне әкімге жан айқайды жеткізудің құнын жақсы білетін Сарыағаш ауданының тұрғыны Айнұр Мәмбетова мәлімдеді.

Көпбалалы ана биыл мамыр айында табиғи жолмен үшемді дүниеге әкелген. Сәбилерді үйге шығарғанда Сарыағаш ауданының әкімі Бұхарбай Парманов келіп құттықтап, жас анаға көмектесетін айтқан. Алайда, уәде еткен көмек түгілі 5 баланың анасы мемлекет тарапынан берілетін күтушіге қол жеткізе алмай келем дейді.

Айнұр Мизамханқызы: "Биыл, 20 мамырда, Жәния, Әмина, Раяна атты үш қызымыз дүниеге келді. Сонымен баламыз бесеу болды. Жалғыз өзім қараймын. Балалардың бірі жыласа барлығы жылайды, бірі ауырса бәрі ауырады. Бір шетіме шығысатын күтуші қыз сұрап әкімдіктің табалдырығын тоздырдым. Тіпті қабылдамай, ондағылар үшемді мен үшін тудың ба деп қуып шықты. Қазір егіздер ауырып жатыр. Кішісі жөтелген сайын көзінен қан шығады. Ертең ауруханаға барамыз", - дейді.

Көпбалалы отбасы жеке баспаналары болмаған соң отағасы тапқан тиын-тебенге пәтер жалдап тұрады. Осыған орай аудан басшысынан көмек сұрап бірнеше мәрте хат жазған. Алайда, бірде-бір жауап болмапты. Ал әкімдікті май шелпекке айналдырғандар болса арыз әкімнің қолына жету үшін ақы төлеу керектігін айтқан.

Айнұр Мизамханқызы: «Арызымды алып барсам болды Ғабит деген қызметкер мені ішке кіргіздейді. «Әкім сізбен сөйлеспейді. Уақыты жоқ. Үйіңізге қайтыңыз» деп айта береді. Өткен аптада сол әкімшіліктің бір қызметкері маған басшыға арыз кіргізудің құны 5000 теңге екенін айтты. Ал, мен хат түгіл балаларыма тамақ тауып бере алмай жүрмін деп саудаласып, жылап жүріп шағымды 2000 теңгеге кіргіздім. Рас екен, екі-үш күнде жауап келіпті. Онда Парманов мырза, балалар туғанда берген памперсі мен арбасының есебін жазып жіберіпті. Ал, сұраған баспанама жауап жоқ", - дейді.

Ашынған ана болса, үкіметтен берілетін жәрдемақының балалардың тамағына да жетпейтінін айтады. Күн сайын үшем 2 бөтелке жасанды тамақ жейді. Оның біреуінің құны -1500 теңге. Аудан басшысынан күдер үзген Айнұр Мәмбетова алдағы аптада жағдайын айтып, елбасынан көмек сұрамақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/930367-oqo-da-audandyq-akimdik-qyzmetkerler.html