RU

Атырауда жұқпалы аурулар ауруханасының мүшкіл күйі науқастарды шошытты

Атырауда ішек ауруына шалдыққандардың саны артқан. Әдетте, жаз мезгілінде көбейетін жұқпалы дерт қазір де бой берер емес. Аурудың күз мезгілінде қозуының себебін дәрігерлер де түсіндіре алмай отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Сырқаттардың көбейгені сонша, тіпті биылға жоспарлы түрде алынған дәрі-дәрмек таусылыпты. Оның үстіне, емдеу мекемесінде науқастарға орын жетіспей жатыр.

Атыраудағы жұқпалы аурулар ауруханасы қызметкерлерінің жұмысы жаздағыдан да қауырт. Мамандардың айтуынша, соңғы 2-3 аптада дизентерия мен сальмонеллезден өзге белгісіз қоздырғыштан зардап шеккендер көбейген. Мысалы, өткен жылы ішек аурулары бөліміне 300-ден астам адам түссе, биылғы он айда бұл көрсеткіш 500-дің шамасында. Науқастардың көптігінен дәрі-дәрмек те мерзімінен бұрын таусылған.

"Мемлекеттік тапсырысқа байланысты науқасқа бейімдеп алған дәрілер қорын аяқтадық енді. Науқастың көп болуына байланысты жеткізе алмай жатамыз. Бірақ қосымша бюджеттен портал арқылы алып жатырмыз дәрілерді, қоймадан дәрілер келіп жатыр", - дейді Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Надя Ерғалиева.

Аурухана 170 орындық болғанымен, ол толық күшімен жұмыс істемейді. Сондықтан мұнда сырқаттар сыймай жатыр. 20 жылдан бері балабақшаның апатты жағдайдағы ғимаратында отырған емдеу мекемесінде қазір үлкен-кішісі аралас 100-ге жуық науқас бар. Сол себепті бұл жердегі акт залы да палатаға айналып кеткен. Барлық науқастар бір жерден тамақ ішіп, бір дәретханаға барады.

"Талап көп жағдай жоқ. Салқын су, батареялар қанжылым. Адам көп іште деген, балалар ылғи, қылыштай жер, отырмыз кереуеттің үстінде", - дейді Атырау қаласының тұрғыны Дина Қырымбаева.

Құрылысы сонау 2008 жылы басталған жаңа аурухана ғимараты биыл қолданысқа енуі керек еді. Алайда құжаттары реттелмеген нысанға электр қуаты тартылмағандықтан, онда науқастарды қабылдау мүмкін болмай тұр. Ал іш ауруларының күз мезгілінде қозуының себебін дәрігерлердің өздері де түсіне алмай отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/932225-atyrauda-zhuqpaly-aurular-aurukhanasy.html