RU

Маңғыстауда педофил 7 жасар қызды зорламақ болды

Маңғыстау облысында 7 жасар қыз баланы зорламақ болды деген күдікпен ер азамат қамауға алынды деп хабарлайды Лада порталы құқық қорғау органдарына сілтеме жасап.

Оқиға Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе-2 ауылында орын алған. Полицияға 36 жастағы жергілікті тұрғын шағымданып, 7 жасар қыз баланы таныс ер азамат зорламақ болғанын айтыпты. Арызда көрсетілгендей, күдікті кішкентай қызды тастанды ғимараттардың біріне алдап апарып, арам ойын жүзеге асырып үлгермеген.

Кейінірек белгілі болғандай, мектеп оқушысы сабақтан қайтып келе жатып, есік алдынан таныс ер азаматты көреді. Ата-анасымен дос ретінде араласқандықтан одан қорықпай, айтқан жағына бірге еріп кеткен.

Жарты жолда педофил қызды күшпен тастанды ғимарат ішіне алып кіріп, шешіндіре бастапты. Алайда бүлдіршіннің айқайын сол маңда жүрген анасы естіп қалып, қылмыстың орын алуына жол берген жоқ. Ал күдікті болса оқиға орнынан ізін суытқан.

Тәртіп сақшылары шұғыл іздеу шараларын жүргізіп, 27 жастағы Өзбекстан азаматын қолға түсірді. Маңғыстауға келместен бұрын ол біраз уақыт Оңтүстік Қазақстан облысында өмір сүрген. Қазір уақытша ұстау абақтысына қамалып, тергеліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/932747-manhghystauda-pedofil-7-zhasar-qyzdy-zorl.html