RU

Отандық сарапшы әлемдегі қақтығыстардың бір де бірі шешілмегеніне алаңдады

Соңғы бес жылда әлемде туындаған 15 жаңа қақтығыстың бірде-біреуі шешілмеген.

Бұл туралы бүгін Хельсинки қорытынды актісі мен Астанадағы саммиттің мерейтойына арналған "ЕҚЫҰ жетістіктері мен сын-қатерлері" халықаралық конференциясы барысында президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин айтты.

"Бүгінгі дағдарыстар қақтығыстардың кез келген жерде туындап, әрі оның себептері алуан түрлі проблемалар болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Тиісінше, қауіпсіздік мәселелерін шешу амалдары жүйелі және кешенді болуы тиіс", - дейді Қарин.

БҰҰ-ның соңғы мәліметтеріне сәйкес, соңғы бес жылда әлемде 15 жаңа қақтығыс туындаған. Өкініштісі, олардың бірі де шешілмеген. Бұған қоса, бұл қақтығыстардың көпшілігі ашық қарулы шиеленіске ұласып отыр.

"Сондықтан Қазақстан президенті Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммитінде өткен ғасырда қалыптасқан трансатлантикалық интегрция трансеуразиялық қоғамдастықпен үйлесімді толығуы тиіс екенін атап өтті. Қазақстанның көшбасшысы ұсынылып жатқан идеялар мен бастамаларды белсенді жүзеге асырудың жақтаушысы екені мәлім. Еуразиялық экономикалық одақ бұған мысал бола алады", - деді ол.

Сарапшының пайымынша, Назарбаев Астанадағы саммитте Қазақстанның еуразиялық қауіпсіздіктің байланыстырушы буыны болуға дайын екенін бекерге айтқан жоқ.

"Украиндық дағдарысты шешуде, ирандық ядролық мәселе бойынша диалог алаңын құру және Сирия бойынша келіссөздер ұйымдастырудағы еліміздің күш-жігері Қазақстанның еуразиялық қауіпсіздіктің маңызды буыны болуға әлеуеті зор екенін көрсетті", - деген пікір білдірді Ерлан Қарин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/932969-otandyq-sarapshy-alemdegi-qaqtyghysta.html