Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

NUR.KZ оқырмандары атыраулық жағдайы мүшкіл отбасыға үй әперді (фото)

Опубликовано:

NUR.KZ интернет-порталының оқырмандары жантүршігерлік жағдайда өмір сүрген отбасыны аяққа тұрғызды. Бұл туралы жалғыз басты ана Манар Қабылдықызының туған сіңлісі Айнагүл Ізімова редакциямызға өзі қоңырау шалып хабарлап, фото жіберді.

"Мақала шыққан күннен бастап телефонымызда тыным болмады. Күніне 30-40 адамға дейін үйге келіп, жағдайымызды сұрап, көмектесті. Сенесіз бе, қол ұшын беру үшін ақкөңіл адамдар Қызылорда, Шымкент, Тараздан келіп жатыр. Тіпті, зейнеткерлер хабарласып, көмегіміз болсын, деп телефонға 500 теңгеден салуда. Небары 2 аптаның ішінде Манар әпкенің отбасысының жағдайы күрт өзгерді, барлық мәселе шешілгеніне әлі сене алар емеспін", - дейді ол.

Ал үйді кім әперді деген сұрағымызға былай жауап берді.

"2 бөлмелі пәтерді Доссор ауылының ортасындағы көпқабатты үйден екі жергілікті (атыраулық) азамат алып берді. Аттарын білемін, бірақ кім екенін толық танымаймын. Мен сұрағандарға айтайын, кімсіздер деп едім. "Біздің есімімізді атама. Алла разылығы үшін көмектестік" деді олар. Үйдің құны 1 миллон 600 мың теңге болды. Ал олардан жағдайымызды кімнен естігенімізді сұрап едім. Ғаламтордағы NUR.KZ сайтына шығыпты, содан інім көрсетті деп жауап берді. Сондықтан да сіздерге көп алғыс айтқым келеді".

- Жергілікті билік тарапынан көмек болды ма?

- Шыны керек әкімдік, я болмаса басқа да мемлекеттік ұйым тарапынан бір тиын көмек болмады. Барлық әкелген зат, баспана, барлығы қарапайым халықтың көмегі. Кеше бізге Тараз қаласынан бір кәсіпкер келді. Жағдайымызды сұрап болған соң, қалтасынан 500 мың теңге санап беріп, үйден шығып кетті. Тек рахмет айтып үлгердім. Тіпті, бір қойдың етіп пісіріп әкеліп, ас таратып жатқандар да баршылық. Мың алғыс. Айтқым келген, Манар әпкенің жағдайына бей-жай қарай алмай келіп жатқандардың басым көпшілігі жастар.

- Төсек тартып жатқан Манар Қабылдықызының денсаулығы қалай?

- Өткен аптада Мақат кентінің дәрігерлері алып кетіп, 1 апта ауруханаға жатып шықты. Бірақ әлі төсек тартып жатыр. Халық жинаған ақшадан дәрі-дәрмектерін алып жатырмыз. Бүгін жергілікті әкімдіктен келіп жағдайды көріп кетті. Ол кісілерден балалардың денсаулығына көңіл бөлуін сұрадық. Амангүлдік бір аяғы - протез, 5 жыл бұрын алған еді. Протезі ескірді және қыз өсіп кетті ғой, соған көмектесуін сұрадық. Ал кенже қыз Мархабаттың құлағы естімейді. Оған құлаққап аппараты керек. Енді осыған құжат дайындап, жолдама беруін сұрадым.

- NUR.KZ оқырмандарына айтар тілегіңіз бар ма?

- Құрметті біздің отбасының жағдайына алаңдаған жерлестер, сіздерге мың рахмет. Манар әпкем өзі хабарласуға денсаулығы жарамайды. Ал балалар аурушаң. Сондықтан туыстарымның жанашыры ретінде сіздерге деген ризашылығым шексіз!

Кішкентай Мархабатқа дейін сіздердің жылуларыңызды сезіп, мәз-мейрам. Себебі оның енді өз ойыншықтары бар. Дендеріңізге саулық тілеймін. Ал, NUR.KZ ұжымы оқырмандарыңыз көбейсін! Осындай өзекті мәселені көп көтере беріңіздер!

Еске сала кетсек, өткен аптада NUR.KZ интернет-порталы Атырау облысындағы Жақыповтар отбасының қиын жағдайы туралы тұңғыш рет фотоматериал жариялаған еді.

Сонымен қатар осы аптада NUR.KZ-те жарияланған материалдан кейін оқырмандар Қызылорда тұрғыны Диана Смағұловаға екі күн ішінде еміне қаражат жинап берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/933172-nur-kz-oqyrmandary-atyraulyq-zhaghdayy-mushk/

pixel