RU

Қазақстан тұңғыш әйел ғарышкерді дайындайды

Қазақстан тұңғыш әйел ғарышкерді дайындайды. Бұл туралы Қазақстанның Әуе қорғанысы күштері ұшқыштары мен ғарышкер Айдын Айымбетовтың кездесуі барысында авиация генерал-лейтенанты Александр Сорокин мәлімдеді.

Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Айтуынша, тұңғыш әйел ғарышкерді дайындау туралы бастаманы елбасы көтерген.

"Президент алғашқы әйел ғарышкерді дайындау туралы алдымызға міндет қойды. Қазір барлығы іздей жөнеледі, негізінде бұл - құпия. Қазақстандық әйелдің ғарышқа ұшуы - Қазақстан үшін үлкен жаңалық болмақ", - дейді Әуе қорғанысы күштерінің авиация генерал-лейтенанты Александр Сорокин.

Кездесу барысында ғарышкер Айдын Айымбетов өзімен бірге орбитада жер шарын 156 рет айналып шыққан Қазақстанның Әуе қорғанысы күштерінің туын әріптестеріне салтанатты түрде табыс етті.

Өз кезегінде Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов полковник Айымбетовті Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдінов атындағы төсбелгімен марапаттады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/934082-qazaqstan-tunhghysh-ayel-gharyshkerdi-day.html