RU

Шымкентте қарақшы кәсіпкердің әйелі мен қызын аяусыз жарақаттады (видео)

Шымкентте кәсіпкердің үйіне аяусыз шабуыл жасалды. Салдарынан кәсіпкердің әйелі, қызы және 18 жастағы туысқаны жансақтау бөліміне түсті.

Бұл туралы Today.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Қайғылы оқиға 23 қазанн күні  таңертең  болған. Today.kz редакциясының қолына көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған қарақшының видеосы түсті.

Бейнежазбадан қара киім мен маска киген белгісіз азаматты көруге болады.

Алдын ала болжам бойынша, қаскөй түні бойы кәсіпкердің кетуін қарауылдап, ол шығып кеткенде коттедж ішіне кірген.

Көршілері үйде кәсіпкердің әйелі, 11 жастағы қызы және 18 жастағы туысқан қызы болғанын айтуда. Коттеджге баса көктеп кірген ер кісі әйелден ақша мен алтындар беруін талап еткен.

Алайда әйел қарсылық танытып, айқайлай бастайды. Нәтижесінде ер кісі оған бірнеше рет жүрек тұсынан пышақ сұғып жібереді. Екінші қабатқа көтеріліп, қыз балаларға тап береді.

Сол арада әйел көшеге шығып үлгеріп, айқайлап көмек шақырады. Қарақшы ізін суытып үлгерді. Куәгерлер жедел жәрдем шақыртып, зардап шеккендер емханаға жеткізілді.

"Қазір олар ауруханада. Келініміз Гүлмираға үш рет пышақ сұғып, жүрегін зақымдаған. Оған ота жасалды. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін айтуда. Қалғандарының да бірнеше пышақ жарақаттары бар", - дейді зардап шегуші отбасының туысқаны Ғалым Мәуленов.

Бұл кәсіпкердің үйіне жасалған алғашқы шабуыл болмай шықты. Тоғыз ай бұрын ұрылар коттеджге баса көктеп кіріп, қоқан-лоқымен миллион теңгеден астам ақша және алтын бұйымдарды алып кеткен.

Туысқандардың айтуынша, күдіктілер әлі күнге дейін табылмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/934605-shymkentte-kasipkerler-otbasyna-ayaus.html