RU

Қызылордалық полиция майоры Ақтөбеге келіп, 51 киікті қырып салған (фото)

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында полиция майоры мен оның бес серігі 51 бас киікті қырып тастаған. Ақбөкенді аяусыз атқандар Қызылорда облысының тұрғындары болып шықты деп хабарлайды Керек-инфо.

Браконьерлер 17 қазан күні Ырғыз ауданының Айырмола деген жерінде қолға түсті. Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Бекболат Жапаровтың айтуынша, заңсыз киік атып жүргендердің жалпы саны алты адам. Арасында полиция майоры да бар.

"Киік атып жүрген алты адам ұсталды. Олардың бірі - Қызылорда облыстық ІІБ жедел полиция басқармасы орталығының аға инспекторы. Шені - полиция майоры", -дейді ол.

Қызылордалықтар аңға жол талғамайтын екі Toyota Land Cruiser көлігімен шыққан. Көліктерді тексеру кезінде салоннан жаңадан кесілген 100 тал мүйіз табылды. Бұдан бөлек екі тегіс ұңғылы 12 калибрлі аңшы мылтығы, 232 оқ-дәрі, мүйіз кесетін 3 ара мен 3 пышақ шыққан.

Toyota Land Cruiser-дің ізімен жүрген инспекторлар 51 киіктің өлексесін тапқан. Бұл дерек бойынша Ырғыз ауданы ІІБ Қылмыстық кодекстің 337 бабының 4 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жануарлар дүниесіне келген шығын 20 млн 216 мың теңгені құрап отыр. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Күз-киіктердің шоғырланып, топтасатын кезі. Мұны жақсы білетін браконьерлер саят құруға тап осы кезді таңдайды. Мамандардың айтуынша, киікті қырып жатқандардың көпшілігі көршілес облыстардың тұрғындары. Қазан айы туғалы тек Байғанин ауданында екі бірдей киік ату дерегі тіркелген.

“Урал” мотоциклін мінген браконьерлер Оймауыт пен Доңызтауда үш киікті атып алған. Ұсталған бес адам қазір тергеліп жатыр. Тергеу барысында олардың Атырау облысының Сағыз және Миялы ауылының тұрғындары екені анықталды.

Осы аптада ауыл-шаруашылығы министрлігі “ақбөкендерге жұт келе жатыр” деп дабыл қақты. Болжам бойынша, мамыр айында елімізде тағы да киік қырылуы мүмкін. Естеріңізде болса, өткен көктемде 200 мың бас киік қырылып қалған еді. Дегенмен, жергілікті мамандар жағдайдың қалыпты екенін айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/934623-qyzylordalyq-policiya-mayory-aqtobeg.html