RU

Геннадий Головкин рингтен тыс уақытын қалай өткізеді?

Қазақстандық танымал боксшы Геннадий Головкин өз отанының патриоты екенін дәлелдей алған спортшылардың бірі. Боксшының рингтен тыс уақытын немен өткізетінін ztb.kz сайтына сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз.

Спорт-сауықтыру кешенін тұрғызу

Геннадий Головкин Қарағанды облысының Үлкен Қарқаралы көлі жағалауында туристік нысан салуды жоспарлап жүр.

Жергілікті билік спортшының бұл бастамасын барынша қолдап отыр.

"Қарқаралының шығысында көл бар. Аталмыш көлдің жағалауын жеке бизнестің дамуы үшін жалға береміз.  Мәселен, атақты жерлесіміз Геннадий Головкин жағалаудың 400 метрлік бөлігін иеленген. Туристік нысанның құрылысы басталып кетті", - деді Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімі Халил Мақсұтов.

Лагерь бірнеше шағын тұрғын үйден құралмақ. Жергілікті туризмге отандық кәсіпкерлер де тартылған. Құрылысқа миллиардтаған қаржы құйылған.

Майқұдықтағы спорт кешенінің құрылысы

Боксшы туып-өскен Майқұдық елдімекенінде өз қаржысына үлкен спорт кешенін тұрғызбақ. Ғимараттың ашылуы 2016 жылға жоспарланған. Кешеннің ішінде спорт секциялары, жаттығу залы және өзге де спорттық нысандар болады.

Жеке сауда белгісін шығару

2014 жылы Головкин нарықта GGG сауда белгісін ресми түрде тіркеген болатын. Боксшы күллі әлемге жеке киім топтамасын және кәдесыйларды жасап шығаруды жоспарлауда. Жұртшылық мұндай бастаманың боксшыға ғана емес, елімізді танытуда зор үлес қосатынын алға тартады.

"Біз Геннадий Головкиннің атындағы сауда белгісін тіркеп, қазір оның тұжырымдамасын бекітудеміз. Себебі тауарды өндіруден бұрын, оның стратегиясына мән берген маңызды", -деді боксшының менеджері Олег Герман Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Кәсіби бокс академиясының ашу

Астанадағы баспасөз мәслихатында Головкин болашақта кәсіби бокс академиясын ашқысы келетін ойымен де бөлісе кетті.

Еске сала кетейік, 17 қазанда WBA және IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Давид Лемьені 8-раундта жеңген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/934842-gennadiy-golovkin-ringtan-tys-uaqyty.html