RU

Өзін өзі өртеп жіберген 20 жасар балаға қатысты егжей-тегжейлі ақпарат шықты

Осы сенбіде 20 жастағы Ерлан Бектібаевтың өзін көпшілік алдында өртегені бүкіл жұртшылықты дүрліктірді. Жантүршігерлік жағдайдың видеосы бірнеше сағатта интернетті шарлап кеткен.

Бұл туралы gonzo.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Ерлан Бектібаев өзін өртеудің алдында қазанның 22-сі күні өз жұмыстарымен Тараздағы әлеуметтік мекемеге барған кезде «жергілікті полиция қызметкерлері есірткі салып жіберіп, кейін қыспаққа алғанын» камераға мәлімдейді.

Жігіт анасы қайтыс болып, әкесі басқа отбасымен тұратынын, өзінің «басатын тауы, бармаған жері қалмағанын» айтып, «мені осындай жағдайға жеткізді» деп Самат деген полиция қызметкерінің есімін атайды.

«Тараздан «Химпоселокке» барар жолда анаша салып жіберіп, жалған айып тақты. Ия, менің анаша шеккенім рас. Бірақ өзіммен бірге мұншалық көп анаша алып жүрмеймін. Маған қысым көрсете бастады.  Полицей Самат Раимбаевтің ісі бойынша сұрақтың астына алды. 4 мамырда сот мені 3 жыл 8 айға бостандықтан айыру шешімін шығарды. «Нұротан» көмектеседі деген үміттемін. Басқа барар жерім жоқ», - деген болатын Ерлан.

Мәлімдемесінен кейін өзіне бензин құйып, тұтатып жіберген жігіт «Нұротан» ғимаратына жанған күйі бір-ақ кіреді.

Көмек сұрап, партияның ішіне кірген жігітті куәгерлер құтқаруға тырысып жатқан видео интернетте пайда болды. Бірнеше жігіт өртті сөндіруге тырысып жатса, тағы біразы жай видеоға түсіріп тұрған.

Жігіт әбден лапылдап, жанып бітуге шақ қалғанда ғана біреу сөндіргіш құрал тауып, өртті өшіреді.

Жексенбі күні "Нұр Отан" партиясы баспасөз қызметінің басшысы Жасұлан Әбдіхалық өз Facebook парақшасында аталған оқиғаға қатысты түсініктеме жариялады.

«Партия филиалының қызметкерлері жедел түрде зардап шегушіге көмек көрсетті. Бірден жедел жәрдем мен полиция шақырылды.  Қажет көмек көрсетілгеннен кейін, партия қызметкерлері Бектібаев Е.А. туралы ақпарат жинады. Куәгерлерден және Жамбыл облысының ІІД-нен ақпараттар алынды», - деп жазған Әбдіхалық.

Оның айтуынша, жас жігіт бұған дейін партиядан көмек сұрап келмеген.

Осы орайда алаңға қойылған кезекші полицейлер қайда қарап тұрды, не себепті "Нұр Отанның" күзеті ғимарат алдындағы акцияны байқамай қалды деген сұрақтар туындайды.

Бас прокуратураның баспасөз қызметі факті бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.

ІІД мәліметіне сәйкес, Бектібаев 25.07.1995 жылы Өзбекстанда дүниеге келіп, Оңтсүтік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тұрғыны ретінде тіркелген. Есірткі заттарын сақтағаны үшін Тараз полицейлерімен бірнеше рет құрықталып, ауыр қылмыстар үшін істі болған.

Кей пікір қалдырушылар жігіт діни ағымның ықпалына түскен деген ойда болса, қаза болғанның достары оны біреулер өлімге итермелеген деп санайды.

Достарының бірі Еркебұлан Бестереков Ерланмен соңғы кездесуін есіне алды.

«Ол маған хабарласып, Таразға оралуына ақша сұрады. «Сайран» автовокзалында біз сөйлесіп тұрдық. Ол түзелуге сөз берді. «Егер анам тірі болғанда, мен мұндай болмас едім. Әкеме ұқсағым келмейді» деп жылаған еді. Содан кейін оны көрген емеспін", - дейді Бестереков.

Журналист Бибігүл Дәулетбекқызы жігітті қол салуға дейін жеткізгендерді жазалау керек деп санайды.

«Тіпті нашақор болсын, қылмыскер болсын, бірақ тапа-тал түсте өзін өртеу жайдан-жай болмайды. Ол жетім екен, оған дұрыс тәрбие беріп, не себепті көмектесе алмадық? Егер біздің жастар осылайша өле беретін болса, біздің халықтың құны көк тиын. Біз Ерлан Бектібаевты өзіне қол салуға итермелегендерді жазалауды талап етеміз», - дейді журналист.

Қоғам белсендісі Мұрат Әбенов те құқық қорғау жүйесін сынға алып, істі тергеу үшін тәуелсіз қоғамдық комиссия құруды ұсынды.

«Оған біздің құқық қорғау жүйесінің қолына түскеннен гөрі өлген жеңілірек болды. Жап-жас 20 жастағы Қазақстан азаматы тығырыққа тірелгендіктен азапты өлімге барды. Мен мұндайға алғаш рет куә болып отырмын... Бүгін оны қылмыскер, кінәсі жеткілікті адам деп айтып, фактілерді келтіреді... Ал мен үшін бір ғана факті бар - ол полицейлердің әділетсіздігіне қарсы шыққаннан гөрі өле салған тыныш екенін көрсетіп кетті. Ол шаршады, оны қорғайтын ешкім болмады, ол ешкімге сенбейтін күйге жетті. Талай рет құқық қорғау органдары сынға алынды. Алайда ештеңе өзгерер емес. Біз шыдамның шегі бар екенін тек осылай ғана түсінетін болдық... Бақылауға алып, анықтаймыз деген әдеттегі уәделер енді көмектесе қоймас. Егер кінәлілер жазасын алмаса, жағдай ушығатыны анық. Тез арада шешу керек. Ролик желіде тарап кеткен. Түк болмағандай кейіп таныту енді мүмкін емес. Бұл істе полицейлер өз әріптестеріне жақтас болуы әбден мүмкін. Сондықтан мәселені қоғамдық комиссия тергеуі керек», - деп жазған Әбенов өз парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/935009-murat-abenov-ortengen-zhigittinh-oqigha.html