Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматының құпияға толы қорқынышты мекендері

Опубликовано:

Алматының құпияға толы қорқынышты мекендері туралы ел арасында талай аңыздар тараған.  NUR.KZ тілшісі Алматының ең үрейлі мекендерінің бірі - Медеудегі жерасты шіркеуіне жол тартты.

Алматының Медеу маңындағы биік төбеде орналасқан скитті (монахтар тұратын шағын монастырь) екі монах Серафим және Анатолий 20 ғасырда салған. Успен шіркеуіне қызмет еткен жерасты шіркеуі 20 ғасырларда ылғалдылық салдарынан төмен түсіп кеткен.

Мұнда аруақтар мекендейді деген сыбыс ел арасында тарап жүр. Ақиқатына көз жеткізу үшін сол жерді көріп қайтуға тобымызға Дастан Мұстафин және Джафар есімді әуесқой сталкерлер де қосылды.

Сталкерлер - адам өмірі үшін қауіпті, қорқынышты, қаңыраған мекендерді іздеп, зерттейтін әуесқойлар тобы. Олар желі арқылы жиналып, тарап кеткен аңыздардың бетін ашуға тырысады.

Тұрғындар арасында тараған аңыз бойынша, шіркеудің негізін қалаған Серафим және Анатолийді сол жерде атып кеткен. Содан бері тыным таппай келген монахтардың аруағы жұртшылықтың үрейін ұшырып жүреді деген қауесет бар.

Сталкерлер қараңғы уақытта қаңыраған мекеннен аруақтар іздеуді үйреніп қалғандықтан, жолға кешкі 6-дан кете шықты.

Жолда Джафардан есімі туралы сұрай келе, оның ислам дінін қабылдаған этникалық христиан азаматы екенін естіп, бір таңырқадық. Шын есімі Женя болған 26 жастағы азамат ислам дініне бет бұрып, есімін Джафар етіп өзгерткен екен.

Көлігінде отырған сәтте көзімізге оның ілінген тасбихы түсіп қалып, дінін ауыстырғанды ата-анасы қалай қабылдағанын сұрадық.

"Ата-анам қатты қарсы болды. Әсіресе әкем. Себебі орыс ұлтынан болғасын, бәрі ислам дінін жат дін санайды. Бірақ мен өз қалауымнан бас тартпадым", - дейді Джафар.

Ол сталкерлікке 17 жасынан бері қызыққанын, тіпті бір ретте түсініксіз құбылыстың куәсі болғанын жасырмады.

"Мен 17 жаста едім. Бәріміз кезекті аруақ мекендеуі мүмкін қаңыраған үйде отырдық. Бір кезде түсініксіз дыбыстар шыға бастады. Бәріміз де жалт бұрылғанда белгісіз қараңғы дүниенің біз жаққа қарай келе жатқанын көріп, жапа-тармағай қаштық. Мен, тіпті қорыққаннан екінші қабаттан секіріп түстім", - деп есіне алды ол.

Дастан да сондай құбылыстың куәсі болған екен. Тылсым дүниеге деген ортақ қызығушылық сталкерлерді осылайша біріктірген болуы керек.

"Мен түсініксіз тылсым күштің артымнан келіп, демалып тұрғанын сезгенімде тұла бойым түршігіп кеткен болатын. Алматыда құпияға толы мекендер жеткілікті. Мәселен қаңыраған "Қазақстан" кинотеатры. Оны қалпына келтірмек болған құрылысшылар белгісіз себептермен бірінен соң бірі ол жерден ат тонын ала қашқандары туралы естігенім бар. Бірдеңеден қорыққан болуы керек. Ол жерде талайы түсініксіз дыбыстар естиді екен", - дейді Дастан Мұстафин.

Әңгімелесіп отырып діттеген жерге қалай тез жеткенімізді де байқамай қалдық. Алайда алдымыздан күтпеген кедергі шықты. Шіркеуге барар жолда биік төбені өрмелеп өтуіміз керек екен.

Қолымызда ауыр фотоаппарат болғасын, сапарымызды осы жерден аяқтап, шіркеуге апарар жолды естелікке түсіріп алуға бел будық.

Алайда осы сәтте адам сенгісіз құбылыстар орын алды. Біз алып шыққан жақсы жұмыс істейтін фотоаппарат әлгі жолды қанша түсіруге әрекеттенсек те, істен шығып қалды.

Түсінбей фотоаппаратты басқа жаққа бағыттап тағы түсіргенімізде, ол әдеттегідей түсіре бастады.

Қайтадан шіркеуге апарар жолды 10 шақты рет түсірмек болғанымызбен, аппарат бірде бір кадрды түсіре алмай қалды.

Қасымыздағы екі сталкер де таңырқап қарап, өз ұялы телефондарымен сол жерді фотоға тартпақ болды. Алайда олардың телефондарының жарқылдағы қосылмай қойды.

Құрылғылар суықтан істемей қалды деп айтуға да келмейді. Себебі біз шыққан сенбінің кеші жылы болатын.

Дастан қоймастан фотоаппаратты өз қолына алып, түсіруін тоқтатпады. Ақыры бір ғана кадр жасалды.

Сол сәтте ештеңеден тайына қоймайтын Дастан Мұстафин аздап үрейленіп қалғанын жасырмады.

"Мен сол кадрды әрең дегенде түсіргенде түсініксіз-ақ дүниенің қозғалғанын байқап қалдым. Сол сәтте қорқып қалмағанда, тағы біраз кадрлар жасайтын едім", - дейді ол.

Қалай жетуге болады: автобус 12, 12 а, "Медеу" аялдамасы, Шымбұлаққа тартар жолдағы бірінші бұрылыстан солға қарай орманның ішіндегі жолмен қалаға қарай көтерілу керек.

2. Медеудегі "аруақтарға толы үй"

Тұрғындар арасында тараған қауесеттерге сәйкес, "Медеу" мұз айдынының маңындағы үй мейрамхана кешені ретінде салынуы керек болған.

Ескертпе: Видеода бейәдеп сөздер мен кадрлар кездеседі.

Алайда оған білек сыбана кіріскен құрылысшылардың талайы түсініксіз дыбыстар естіп, зәрелері ұшқан. Содан бері ешбір құрылысшы жолағысы келмейтін үй қаңырап бос қалған.

Қалай жетуге болады: автобус 12, 12 а, "Медеу" аялдамасы, солға бұрылып, ("денсаулық жолы/тропа здоровья" деген белгі ілініп тұрады), асфальтталған жолмен бұрылмай жоғары көтерілу керек.

Қаңыраған ҰОС госпиталі

Бұл госпитальді 40-жылдардың аяғында Ұлы отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне салған. Кейін бұл жерде Ауғанстан ардагерлері ем алған.

Ескертпе: Видеода бейәдеп сөздер кездеседі.

Шатырын зақымдаған жер сілкінісінен кейін емхана қаңырап қалған. Алайда көбі ғимараттың қаңырауына жер сілкінісінен өзге де себептер болғанына сенеді.

Бұл жерде заттар ішіндегі адамдар қашып шыққандай сол күйі шашылып жатыр. Ал қосымша кіреберіс құбыжық кіріп кетердей ұзақ уақыт бойы жабылған күйде тұрған.

Қалай жетуге болады: автобус 5а, "Госпиталь" аялдамасы.

Материалды әзірлеу кезінде өз видеоларымен бөліскен - Дастан Мұстафин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/935645-almatynynh-qupiyagha-toly-qorqynyshty/

pixel