RU

Алматыда дәрігерлер 700 грамм болып дүниеге келген сәбидің өмірін сақтап қалды

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының дәрігерлері 700 грамм болып дүниеге келген сәбидің өмірін сақтап қалды. Мұндай шақалақтардың қатарға қосылуы медицинада бұрындары өте сирек кездесетін деп хабарлайды 31 арна.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары жасанды жолмен бала көтеру оқиғалары көбейгендіктен, шала туылатын балалардың саны күрт өскен. Сондай-ақ, Алматы облысы бойынша жағдайы ең ауыр науқастарды қабылдайтын жалғыз орталық, жүрек-қан тамырлары ауруларына да пышақсыз ота жасаудың жаңа әдісін енгізіпті.

Қазірдің өзінде жансақтау бөлімінде туа бітті сырқатпен дүниеге келген 4 сәби жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бұрындары мұндай шақалақтардың тек 10 пайызы ғана өмір сүріп кететін. Қазір жаңа салалы технологияның арқасында 90 пайызы аман қалады екен.

"Осы заманғы озық аппараттар енгізілгелі бері балалардың сапалы өмір сүру мүмкіндігі едәуір жақсарды. Жұрттың көбі 700 граммен 2 келі арасындағы шала туылған сәбидің өмірін сақтап қалу мүмкін емес деп ойлайды. Міне, нәтижесін көріп жатырсыздар. Аппараттың  көмегімен соңғы екі жылда нәрестелер арасында шетінеу жоқтың қасы", - дейді акушер-гинеколог Ұлтай Кілтбаева.

Сондай-ақ, аурухана дәрігерлері жүрек-қан тамырлары сияқты күрделі сырқаттарға ота жасаудың да жаңаша тәсіліне көшкен. Облыс әкімінің қолдауымен берілген теңдессіз құрылғының көмегімен енді инфарктпен түскен науқастарға жедел түрде ота жасауға мүмкіндік туған.

"Мен өте ауыр жағдайда келіп түскен болатынмын. Қаскеленнен жедел жәрдеммен алып келді. Келген бетте-ақ жансақтау бөліміне апарып бірден ота жасады. Жаңа жолменен қансыз жасалатын ота екен", - дейді емделуші.

Яғни, жаңа аппараттың арқасында 10 минуттың ішінде науқасқа нақты диагноз қойып, жарты сағаттың ішінде пышақсыз ота жасап шығуға толық мүмкіндік бар.

Бір жарым миллион тұрғыны бар  облыс бойынша күрделі ота жасайтын жалғыз орталық осы болғандықтан, шалғайдан жете алмайтын  жағдайы ауыр науқастар көп. Сондықтан, кейбір отаның түрін алыс елдімекендерге барып жасайтындай,  дәрігерлер тобын құрдық дейді бас дәрігер.

"Алыстағы ауылдарға көмек көрсете аламыз. Қазір дәрігерлеріміз барып ота жасап жатыр", - дейді Алматы көпсалалы клиникалық арухананың директоры  Жұмахан Молдақұлов.

Аурухана басшысының айтуынша, отандық медицина әлемде болып жатқан жаңалықтар мен жаңа тәсілдерден  көш қалмауы керек. Сондықтан, мамандарымызды Ресей, Литва, Корея сияқты айтулы клиникаларда тәжірибе жетілдіруге жіберіп жатырмыз дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/935966-almatyda-darigerler-700-gramm-bolyp-duni.html