RU

Әли Оқапов: Мені Рымбаевамен "жабыстыра беретіндерді" түсінбеймін

Жас әнші Әли Оқаповтың қазақ сахнасын мойындатып жүргеніне төрт жылдың жүзі болған. Бірақ, өнерпаз жігітке әлі де Рымбаеваның баласы ретінде қарайтындар да бар. Жас әнші NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында ішкі күресі мен өзін толғандырған мәселелер жайында сөз қозғады.

Көрермендер алдында ән де айтып, биімен де тамсандырып жүрген Әли Оқапов өнерде өзін мойындатып үлгерсе де, анасы Роза Рымбаеваның атағы кейде оған табиғи дарынын толық дәлелдеуге кедергісін келтіретінін жасырмайды.

Әли танымал әртістің баласы болу қиын екенін айтудан әбден жалыққан. Бірақ, нағыз дарын иесі уақыт өткен сайын алмас қылыштай жарқылдай беретініне сенетін әнші талмай еңбек етуден шаршаған емес.

Әли Оқапов анасынан ешқашан ақша сұрамайды. Тек ең бірінші бейнебаян түсіргенде ғана анасы оған қолдау көрсеткен. Қазір жас жігіт  жеке пәтеріне ақша жинап жүр. Бозбала тіпті өзіне қымбат киім алмаған, қымбат пиджагі 35000 теңге тұрады.

Сөз арасында Әли өзіне еліктеген жастарды әрдайым қолдайтынын жеткізді. Тіпті Баян Есентаеваның "Жанды дауыс" жобасында өзін айнытпай салатын Хамитпен дуэт боп ән айтуға дайын екенін әзіл араластыра жеткізді.

Әндерінің 90 пайызын өзі жазатын Әли Оқапов болашақта мәдениет қайраткері болмайтынын да айтады. Себебі әншілік серік еткен жас жігіт өнердің басқа саласына бет бұруы да мүмкін.

Осыдан біраз уақыт бұрын отандық "40 миллион" шоу бағдарламасына қатысқан Әли Оқапов 3 миллион теңгені қалай жаратқанын да айтты. Әріптес досы Әлішермен қомақты соманы тең бөліп, қаржыны тек шығармашылығына жұмсаған.

Әли Оқапов Баян Есентаеваның қоластында жұмыс істегенде, оған продюсердің үлкен қызы Айсәуле ұнап қалған. Бірақ, бозбаланың жүрегі қызға сөз айтуға бата алмаған. Себебі, ол Есентаеваның алдында ыңғайсыз жағдайда қалғысы келмеген.

"Бізге көзқарас ерекше болған соң, өзгелерге қарағанда көбірек еңбек ету керек. Дүйім жұрт "Розаның баласы" деп қараған соң, өзіңе көп шектеу қоясың. Не айтқанымды, жүріс-тұрысымды қадағалап жүремін", - дейді Әли әңгімесінде.

Әли 18 жасқа толар шағында АҚШ-тың Лос Анджелес штатына оқуға түскен. Бірақ небәрі 1 аптаға ғана шыдаған жас жігіт отанына қайта оралған.

"Екеуіміз екі түрлі әншіміз ғой. Анам классикалық әндерді орындайды, ал мен заманауи жанрда өнер көрсетем", - деп жалғастырды ойын Әли.

Сырт болмысы қарапайым әнші балалар үйіне де жиі барып тұрады, өзінің және інісінің киімдерін өткізеді екен. Тіпті балаларға тегін концерттер қойып, бүлдіршіндердің көңілін аулағанды жақсы көреді.

"Мен барған жерімде тамақ жеп кетемін. Мәселе қарын тойдыруда емес. Мен сол ортаның аурасын сезініп, ашық әңгімелескенді ұнатамын" - дейді жас әнші.

Қазақша мен орысшаға судай жігіт қазақтілді кітаптарды көп оқымайтынын да айтып қалды.

"Күнделікті өмірде қазақша сөйлей берем. Бірақ кітаптың  тілін түсінбейтінім рас. Қазақ балабақшаға бардым, қазақ мектебінде білім алдым. Бірақ қазақша кітап оқысам, бәрін түсіне бермеймін", - дейді Әли.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/936014-ali-oqapov-meni-rymbaevamen-zhabystyr.html