RU

Ақтөбеде бойжеткендермен көңіл көтеруге шыққан жігіттер тұшпара түюге құлдыққа салынды

Ақтөбеде екі ару жас жігіттердің басын айналдырып, сыбайластарымен бірге қармақтарына түсірген. Жігіттер сатылымға қойылған тұшпараларды түюге құлдыққа жегіліпті.

Бұл туралы "Экспресс К-ға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Үш күн тоқтаусыз жұмыс істеткеннен кейін олар құрбандарын жайына жібере салады екен.

Редакцияға осындай "қатыгез тұшпарашыларға" алданып қалған жігіттердің бірі хабарласты. Өз есімін құпия сақтауын қалаған азамат өзінің қалай қорланғанын баяндап берді.

Досымен бірге дискотекаға шыққан ол көркінен көз таяр екі арумен танысқанын есіне алды. Екі жігіт те бойжеткендердің кет әрі емес екенін сезіп, көздері жанған.

"Сол сәтте есімнен адасқандай болдым. Қалтамдағы Жаңа жылдан бері сақтап жүрген мүшеқапты қалтамнан іздеп әлек болдым", - деп есіне алды Руслан.

Бойжеткендер өздерінің қымбат сары көліктеріне мініп, жігіттерге пәтерге бірге баруға ұсыныс жасайды.

Қуана келіскен азаматтар пәтерге жеткенде өз көзіне сенбеген. Ешкім жоқ болуы тиіс пәтерден үш еңгезердей еркек шығады. Денелері әбден шыныққан ер кісілер оларға бойжеткендерге қол сұқпақ болғандарын тек бір шартпен кешіруге әзір екендерін жеткізеді.

Олар әрқайсысына 400 қорап тұшпара түю шартын қояды. Тығырыққа тірелген жігіттер үш күн бойы тұшпара түю құлдығына түскен.

"Қамырын бір әжей жайып тұрды. Ал біз түйдік. Қойылған шартын орындағаннан кейін бізді босатып сала берді. Қыздар сол кеште-ақ жаңа құрбандарын іздеп, аңшылыққа шықты", - дейді Руслан.

Бойжеткендер мұндай жігіттер құқық қорғау органдарына хабар бере қоймайтынына сенімді болған. Солай болды да. Себебі сұлу қыздармен түні бойы көңіл көтерудің орнына тұшпара түйіп шыққанын мойындау көптеген жігіт үшін ұятты нәрсе.

Содан кейін дискотекаларға бас сұғуын қойған Руслан сол арулардың бірін түнгі клубтың маңынан кездестіріп қалады.

Оны әңгімеге тартқан ару цехтің әлі күнге дейін істеп жатқанын айтқан. Айтуынша, тек бір рет қана ойлары іске аспай қалған. Себебі ертіп келген жігіттердің бірі каратэден қара белбеудің иегері болып шыққан.

Ол үш еңгезердей еркекті сол жерде сабап қоя берген. Кейін досымен бірнеше қорап тұшпараны алып, пәтерден шығып кеткен.

"Дүкеннен әлгі тұшпараларды көрген сайын зығырданым қайнайды. Бұл цех әлі күнге дейін істеп тұр. Сол себепті мен өзіме көрсеткен қорлықты ұмыту үшін Астанаға көшіп кеттім", - дейді Руслан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/936049-aqtobede-arularmen-konhil-koteruge-shy.html