RU

Бақыт Сәрсекбаев өзіне "қара пиар" жасап жүрген депутатты айыптады

Бокстан Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев отандық басылымдардың біріне сұхбат беріп, неліктен ел ішінде өзі туралы қауесет тарап кеткенін айтты.

Бұл туралы Қамшы порталы хабарлайды.

«Сүйікті спортымнан алыстаған жоқпын. Бокс федерациясында жұмыс істеп, былтырдан бері тәжірибелік құраманың аға бапкерімін. Бұл құрамға 18-23 жас аралығындағы жас спортшылар енген. Құдайға шүкір, араға жыл толмай жатып біраз жетістіктерге жетіп үлгердік», - деп атап өтті Сәрсекбаев.

Сонымен қатар, Сәрсекбаев өзі чемпион атанған Бейжіңдегі ойындарды еске ала отырып, қалай дайындалғанын айтып берді. Боксшы Бақтияр Артаевтың Бейжің Олимпиадасына тек Сәрсекбаев ғана дұрыстап дайындалды деген сөзін жоққа шығарған.

«Бапкердің маған ғана емес, Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиевке де сенім артқаны рас. Себебі, сол жылдары біз құраманың «сүйегі» болдық. Дегенмен «бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, Бейжіңде жеңіске жету бақыты маған ғана бұйырған екен. Мен құрамадағы жігіттермен бірге дайындалдым. Бірақ, жаттығу арасында аздап тынығып алып, үзілістер жасап тұрдым. Қазір бұл туралы айтып, бапкерлерге мін тағудың қажеті жоқ шығар. Ол – өткен шақ. Ең бастысы, біз, кем-кетікті көрген боксшылар, өзімізден кейінгілерге дұрыс бағдар бере алсақ деймін. Сол қателіктерден нәтиже шығару қажет. Өзім де бапкер болғандықтан, бапкер мен шәкірт арасындағы өзара үйлесімнің, тіл табысудың маңыздылығын түсініп келемін», - деді боксшы.

Сондай-ақ, Бақыт соңғы кездері өзі туралы жағымсыз әңгіме, артық сөз көбейгенінің себебін де атап өтті.

«Жасыратын ештеңесі жоқ. Бұл Азат Перуашевтың маған жасап жүрген пиарының арқасы. Өзіңіз де білетін шығарсыз, тілшілер қауымының арасында да сатылатындары бар. Ал олар өз кезегінде болмағанды болдырып, оның үстіне әсерлі етіп жазып бере салады. Арамызда кикілжің болған, ол қазір де бар, бола беретін де секілді», - деді Сәрсекбаев.

Сөз соңында Олимпиада чемпионы өзінің мінезді жігіт екенін, өз ойын бүкпесіз айта салатынын жеткізген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/936826-baqyt-sarsekbaev-ozininh-qara-piaryme.html