RU

Роза Рымбаева: Мен өте ашкөз әншімін

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева кәсіби қызметінің 40-жылдығына орай мерейтойлық концертке арналған баспасөз мәслихатында күнделікті дайындығымен бөлісті, деп хабарлайды NUR.KZ bnews.kz-ке сілтеме жасап.

Роза Рымбаеваның өнерде жүргеніне 40 жылдан асса да, ол күн сайын өзін, дауысын және репертуарын жетілдіріп отырады. Себебі әнші сахнаға шығар алдында әр уақытта аса ыждаһаттылықпен дайындалады. Әртіс үшін сахна – киелі орын.

"Еліміздің қай түкпірінде болмасын, кімнің алдында болмасын өнер көрсеткенде оған үлкен жауапкершілікпен қараймын, өзіме талап қоямын. Өйткені, көрермен менің өнерімді тамашалауға Рымбаева бірінші нөмірлі әнші деген сеніммен келеді, ал мен сол сенімді ақтауым керек", - дейді Роза.

Халықтың жадында қалыптасқан осындай пікірге қарамастан, Роза кей кездері бабымда болмай қалатынын да айта кетті.

"Кейде шаршаймын, сырқаттанып дұрыстап ән айта алмай қалатын кездерім де болады. Дегенмен, мұндай келеңсіздікті мүлде болдырмауым қажет, сондықтан, барлық уақытта жанымды салып, тыңдарманымның көңіліндегідей өнер көрсетуге тырысамын", - дейді Рымбаева.

Әншінің айтуынша, 40-жылдық мерейтойда жас әншілер Розаның ғана әндерін орындайды.

«Мен өте ашкөз әншімін. Екі бөлімнің барлығында өзім ән айтқым келеді және әндерімді тек өзім ғана орындаймын. Шығармашылық ұжым бағдарламаға жас әншілерді араластырғысы келгенде, мен оларға тек менің әндерімді ғана орындайтындарын айттым", - деп қысқа қайырды Рымбаева.

Алдағы концерттің басты екрешелігі де осында екен. Көрермендер Розаның өнерін тамашалап қана қоймай, жас әншілердің  30-40 жыл бұрынғы әндерді қалай орындайтынына куә болады.

"Бұл туындыларды нағыз майталман композиторлар жазған, сондықтан бұл әндер бүгінге дейін орындалып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырып келеді. Бұл композиторлар бүгінгі жас мамандардан аспаса, кем түспейді", - дейді халық әртісі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/936829-roza-rymbaeva-men-ote-ashkoz-anshimin.html