RU

Жапония Орталық Азия елдерінде Қытай ықпалының күшейгеніне алаңдаулы

Қазақстанға екі күндік сапармен Жапония премьері Синдзо Абэ келді. Азаттыққа сарапшы Ләйлә Нұрғалиева екі елдің қарым-қатынасы мен мүдделері жөнінде әңгімелеп берді.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ қазанның 22-сінен бастап Моңғолия, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдерді аралады. Жапония премьер-министрі Қазақстанға осымен екінші рет келді. 2006 жылы бұл елдің сол кездегі премьері Дзюнъитиро Коидзуми Қазақстанға ресми сапармен келген болатын.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқыққорғау ұйымы Жапония премьер-министрі Синдзо Абэні Орталық Азияға сапары кезінде «аймақтағы адам құқығының алаңдатарлық жағдайы туралы мәселе көтеруге» шақырды.

Азаттық тілшісі осыған орай қазақ-жапон қатынастарын зерттеуші, қазір Жапонияның Кюсю (Kyushu) университетінде PhD ғылыми дәрежесін қорғау жүйесі бойынша оқып жүрген Ләйлә Нұрғалиевамен сұқбаттасты.

 - Жапония премьер-министрі бұл сапарында қандай мақсат көздейді?

- Жапонияның көптеген ақпарат құралдары премьер-министр Абэ ең әуелі энерго тасымалын диверсификациялау үшін табиғи ресурстарға бай Орталық Азия елдерімен байланысты күшейтуді қалайды, сонан кейін ғана бұл елдерге Қытай ықпалын азайтуды көздейді деп жазып жатыр. Жапонияның бірінші кезекте аталған өңірде Қытай ықпалын қатты күшейгеніне алаңдайтынына назар аудартқым келеді. Аумағынан Жібек жолы өтетін Қазақстан - аймақтағы маңызды ел. Осыны түсіне отырып Жапония бұрынғыдан белсендірек қимылдағысы келеді. Сондықтан премьер-министр Коидзумидің 2006 жылғы сапарынан кейінгі бұл сапарды жоғары деңгейдегі екінші сапар деп ойлаймын.

Жапония осыған дейін «Орталық Азия+Жапония» деген форматта жұмыс істеп келген еді. Бірақ олар Қазақстанмен қатынасты нығайту үшін бұл форматтың аздық ететінін, жоғары деңгейдегі келіссөздер қажет екенін түсінді. Менің ойымша Қазақстанға да мұндай қатынас тиімді болады, өйткені жоғары технологиялы Жапония Қытаймен ара салмақты теңдестіруге ықпал ете алады.

 - Жапония Қазақстандағы экологиялық мәселелерге жиі назар аударатын. 1999 жылы БҰҰ аясында Жапония үкіметі Семей полигонының проблемаларына арнап конференция да өткізген. Кейін Семей ядролық сынақ алаңынан зардап шеккендерге де көмектесті. Кейін Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты ол көмектерін тоқтататынын да хабарлаған еді.

- Меніңше, Жапонияның жәрдемі тоқтады дегеннен гөрі, жәрдемнің түрі өзгерді деген дұрыс болатын сияқты. Жапония Семей ядролық сынақ алаңы туралы семинар, фотокөрмелер өткізу, осыған байланысты концерт ұйымдастыру секілді жекелей көмектесу жолдарын жүзеге асырып келеді. Қазақстан жағынан жеке адамдар қатысатын мұндай жобаларды Жапония ұдайы ұйымдастырып келеді.

- Жапония Арал мәселесінің халықаралық деңгейде көтерілуіне ықпал еткен еді. Қазір Арал мәселесіне Жапония қаншалықты араласады?

- Жапония Қазақстандағы экологиялық проблемаларды шешуге көмектескісі келеді. Бірақ оны қалай жүзеге асырудың нақты жоспары жоқ. Олар мұны «Орталық Азия+Жапония» диалогы мен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жапон агенттігі (JICA) арқылы жасап келген, бірақ ол жеткіліксіз болды. Орталық Азия елдерінде су проблемасы онсыз да көп. Сондықтан Жапония қазір Арал мәселесін шешуге тиімдірек көмектесудің жолдарын қарастырып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/937028-zhaponiya-ortalyq-aziya-elderinde-qytay.html