RU

Қазақстанда азық-түлікпен қоса сырт киімдердің де бағасы шарықтап кетті

Еліміздің бірқатар өңірлерінде азық-түліктермен қатар киімдердің де бағасы елу пайызға дейін қымбаттаған. Бүлдіршіндер мен ересектердің сырт киімдерінің бағасын көтерген  кәсіпкерлер  болса тауарларына сұраныстың азайғанын айтып, ашынады.

Тіпті, арзан деп халық көп баратын базардың өзінде қарбалас байқалмайды.

Қарағанды облысында азық-түлік, ақылы қызметтермен бірге сырт киімдердің бағасы ырыққа көнбей тұр. Тіпті, арзан деген базардағы киім - кешектің құны бірер ай бұрынғымен салыстырғанда қымбаттап кеткен. Бір айдың ішінде шарықтап шыға келген бағаны шенеуніктер де көріп, жағаларын ұстады. Өйткені, балалар мен ересектердің киімдерінің құны бірден 50 пайызға өскен.

Ал еліміздің солтүстігіндегі базарларда  бұрынғыдай аса қызу қарбалас байқалмайды. Саудагерлер мұны бағаның шектен тыс шарықтап кеткенімен түсіндіріп отыр. Сөздерінше, келушілердің қатары едәуір азайған.

"Әйелдердің сырт киімдері арзан дегендері 20 мыңнан басталады. Мутон тондары 100 мыңнан арзан бағаға жоқ. Саудасын қыздырып жүрген тұрғындар жиілеп кетті", - дейді сатушы Татьяна Шишкина.

Әйелдердің мамықтан жасалған сырт киімдерінің бағасы 30 бен 60 мың теңгенің арасында. Дегенмен сапасына сай бұдан да қымбатын кездестіруге болады. Ал қыстық аяқ-киімдер базардың өзінде ең арзаны 35 мың теңгеден басталып 50, тіпті 60 мың теңгеге жетеді. Бас киімдерінің құны сапасына сай 5 мың теңгеден басталса, қолғаптарды 3 мың теңгеден арзанын таппайсыз.

"Ересек азаматтардың мамықтан жасалған сырт киімдерінің бағасы 22 мың теңгеден басталып 30 мың теңгеден асып кетеді. Ал қыста киетін кеңжейделердің бағасы алты жарым жеті мың теңгеден жоғары",  - сатушы Людмила Константинова.

Ал Ақтөбеде қыстық киім биыл екі - үш есеге қымбаттаған. Бұрын азаматтарға арналған етіктер  алты мыңнан болса,  қазір он екі мыңға жеткен.  Күртелер  жиырма мың мен қырық мыңның айналасында. Бішкектің тауары арзандау болса, Түркия мен Еуропа киімдері қымбат екен. Бірақ доллар қымбаттағалы ешкім Түркияға бармайтын болған.

"Курткалар енді екі, үш  есеге қымбаттап тұр. Мысалы кешегі  курспен барып келсем бүгін тағы көтеріліп тұр. Уже ол жақта көтеріліп тұр. Курсқа байланысты барлығы", - дейді Айнұр Төлебаева есімді сатушы.

Баланы қысқа киіндіру үшін елу мың теңге жетпеуі мүмкін. Өйткені, бүлдіршіндердің күртелері он бес пен жиырма бестің айналасында етіктері он мыңнан басталып жиырма бес мыңға дейін жетеді.  Әйел адамға қысқа қамдану үшін барлығынан ең көп шығындануға тура келеді.  Етіктері жиырма бес мыңнан басталып, елуге дейін барады екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/937292-qazaqstanda-azyq-tulikpen-qosa-syrt-k.html