RU

Жамбылдық бойжеткен небәрі 18 жасында өз кәсібін ашып, ауылдастарын таң қалдыруда

Бүгінде Жамбыл облысында кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, өз тірлігін тіктеп жүрген азаматтар аз емес. Әсіресе кейінгі жылдары бұл бағытқа бет бұрған жастар жағының үлес салмағы айтарлықтай артып келеді.

Cондай тірліктің көзін тауып, кәсібін домалатып отырған ең жас кәсіпкер Әулиеата өңірінде еңбек етуде. Назерке Кабираева өз кәсібін небәрі 18 жасында ашқан.

Талас ауданы, Қаратау қаласының тумасы Назерке Мейрамбекқызы қазіргі таңда облысымыздағы ең жас кәсіпкер. 1995 жылы туылған ол 2013 жылы Қаратау қаласында ең алғаш кәсібін бастаған. Сол жылы кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы аясында жарияланған конкурсқа қатысып, 1 млн 700 мың теңге көлеміндегі грантты жеңіп алған.

Осылайша жалынды жас өз жобасын жүзеге асырып, моноқаладан алғашқы болып фастфуд түріндегі демалыс орнын ашады. Назеркенің айтуынша, мұндай идея оған Астанаға барған сапарында туған екен.

"Негізі үлкен қалаларға барған сайын тез әрі дәмді дайындалатын фастфуд дүңгіршектеріне соғып, тамақтанатын-мын. Бір күні Астана қаласында осындай фастфуд сауда орнын кафе түрінде ашып қойғанын көрдім. Бірден неге біздің Қаратау қаласында да осындай кафе ашпасқа деген ой туды. Содан «Несібелі» жеке кәсіпкерлігін ашып, 2013 жылы кәсіпкерлікті қолдауға жарияланған конкурсқа қатыстым. Жалпы бұл кон-курстың жеңімпазына 3 000 000 теңге көлемінде грант берілетін болған. Алайда жеңімпаздың қолында сол соманың 20 пайызы болуы керек еді. Бірақ менде бар-жоғы 400 мың теңге болғандықтан, 1 млн. 700 мың теңге көлеміндегі грантқа ғана ие болдым. Десе де, бұған да шүкірлік етіп, тірлікті бастап кеттім", - дейді ол.

"Әкем қосымша 1,5 млн теңге несие алып беріп, қажетті құрал-жабдықтарды толықтай сатып алдым. Содан Қаратау қаласында «Неси-Донер» жастар кафесі дүниеге келіп, бүгінде қарқынды жұмыс жасап жатыр", — дейді жас кәсіпкер.

Бұдан бөлек, Назеркенің «Неси-Донері» қырық адамға арналған мерекелік кештерді де өткізуге қолайлы. Алайда ол демалыс орнында спирттік ішімдіктерді мүлде сатпайды екен. Және қуаныш иелеріне де өзімен бірге ішімдік әкелуге тыйым салынған. Әрине, бұл — құп көретін иманды іс. Әрі мұндай бастаманы жас кәсіпкердің көтеріп отырғаны көпке үлгі екені анық.

Енді Назерке өзінің демалыс орнын кеңейтіп, балаларға арналған арнайы бөлме ашсам деп армандайды. Алайда ол үшін көп қаржы қажет. Қазіргі нысанының өзін жас кәсіпкер жалға алып, ай сайын 100 мың теңгесін төлеп отыр. Сондықтан Назерке қаржылай қолдауға мұқтаж.

Өзі несие алайын десе, жасы жиырма бірге толмағандықтан, кредитке қол жеткізе алмауда. Дегенмен, жас кәсіпкер Лондон, Ресей, тіпті Африка елдеріне дейін ғаламтор арқылы байланысқа шығып, төмендетілген пайызбен несие алуға талпынып көрген екен. Алайда ондағылар алаяқ болып шығып, алдын ала төккен қаржысын да қайтара алмай қалған көрінеді.

"Қазір маған бар кедергі болып тұрғаны — жасымның жиырма бірге жетпеуі. Әйтпесе, жүзеге асыратын жобаларым жетерлік. Қазір «Неси-Донерден» бөлек, жеке кәсіпкер ретінде мектептерге қажетті құрал-жабдықтар, құрылыс материалдары, киім-кешек сынды тауарлардың да тендеріне қа-тысып жүрмін. Бұдан бөлек, жастар орталықтарының лагерьлік демалыстарын ұйымдастыруды да биыл ұтып алдым. Сондай-ақ, сусыз көлік пен ыдыс-аяқ жууға болатын жаңа технология ойлап таптым. Міне, осылардың барлығын жүзеге асыру үшін маған несие алуға мүмкіндік қажет", — дейді Назерке.

Жас кәсіпкердің тағы бір тың жобасы — Қаратау қаласынан комплекстік түскі ас әзірлеу дәмханасын ашу. Қазір Назерке осы жобасын жүзеге асыру үшін күш салып жатыр.

Назеркенің өмірлік қағидаты — ештеңеден қорықпай, тәуекел ету.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/937701-zhambyldyq-boyzhetken-nebari-18-zhasynda-o.html