RU

Қоразбаев қоластындағы қызметкерлердің жалақысын итке тастаған "сүйекке" теңеді

Белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаев өзі басқаратын "Қазақконцерттің" қазіргі тіршілігі жайында баяндап берді, деп жазады NUR.KZ baistars.kz-ке сілтеме жасап.

Алтынбек Қоразбаев 2005 жылға дейін жағдайы тәуір болған "Қазақконцерт" ұжымын кейбір көзсіз көсемдер АО «Қазақ әуендері» деген бір ұжымға «лақтырып» тастағанын айтты. Қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын ұжым қазір ешкімге керек болмай қалған.

«Қазақконцерт» қызметкерлерінің алатын жалақысы да төмен. Құдды бір «итке тастаған сүйек» тәрізді. Басшы ретінде министр ауысқан сайын жағдаймызды баяндап, жоғары жаққа хат жолдаймын. Бірақ осы күнге дейін мардымды жауап ала алмадым", - дейді Қоразбаев.

Сазгердің айтуынша, қазір әншілік қабілеті болмаса да, өзін әнші санайтындар жетерлік. Түймедейді түйедей қылып көрсететін, компьютер деген бір “әулие” шыққан. Эстрадаға кездейсоқ келгендердің дені соның көмегіне жүгінгенді жөн санайды.

Сондай-ақ, атақты өнерпаз өзі жайлы да бірер әңгіме қозғады. Ол жас кезінде дирижер болуды армандаған, бірақ бүгінде ел танитын сазгерге айналды. Әйтсе де, Қоразбаев өзін көп ән жаза бермейтін композиторлардың қатарына жатқызады. Жылына кейде екі ән ғана жазады екен.

"Мен ас дайындауға шебермін. Таңертең ерте тұрып, таңғы асымды өзім әзірлеп, ішуге дағдыланғанмын. Демалысқа тауға шыға қалсақ, кәуап, сірне бұқтырылған ет сияқты тағамның түр-түрін дәмділеп өзім дайындаймын. Отбасымыздың бас аспазымын десем артық айтқандық емес", - деп айтып қалды Қоразбаев.

Айта кетерлігі, осы жылдың көктемінде Алтынбек Қоразбаев марқұм жолдасының отбасын сотқа берген болатын. Үш жыл бұрын сазгер серіктесі Құлжанов Сырымға өнер мектебін салуды бұйырған болатын.

Аталмыш кәсіпкер 2012 жылдың 1-қыркүйегінде мектепті бітіруге уәде берген. Сазгер салынған нысанның сапасы нашар екенін айта келіп, отбасының кішкентай кәсібін аяқасты еткендерді сотқа тартып отыр.

«Мен өзгенің мал-мүлкін заңсыз иеленіп алу үшін соттасып жүрген жоқпын. Тек алдауға түсіп қалдым. Бір кәсіпкер мектеп соғып беремін деп, үйімді алды», - дейді Қоразбаев.

Алайда Алтынбек Қоразбаев халықтың бұл әрекетті дұрыс түсінбей жатқанын атап өтті. Сазгер мұны өзіне қатысты "қызғаныштан жерді қайтарып алуды көздеп отыр" деген пікірлердің ел арасына тез жайылып кеткенімен түсіндіреді.

"Мен адал еңбекпен табылған дүние болғандықтан, әділдік іздеуге тырысамын. Мүмкін ақпарат дұрыс жетпей жатқан шығар. Бірақ өнерімді бағалайтын қауым әрқашан да түсіністік танытады деген ойдамын", - деді сазгер сөз соңында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/939066-marqum-zholdasynynh-otbasyn-sotqa-berg.html