RU

Әлемдік спорттағы бітіспес қарсыластар кімдер?

Спортшыға әлемнің үздігі атану үшін көптеген кедергілерден өтуге тура келеді. Ал спорттың ең басты қасиеті - қарсыластық екені де рас.

Осы орайда, әлемдік спорттағы бітіспес қарсыластар туралы материалды sports.ru-ға сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз.

Криштиану Роналду мен Лионель Месси

Қазіргі футболды португалдық пен аргентиналықтың теке-тіресінсіз елестету мүмкін емес. Олар әлемнің ең үздік ойыншалары әрі бір-біріне бітіспес қарсылас  саналатын – «Реал» мен «Барселонада» ойнайды. Ал бұл командалар арасындағы бақталастықтың шектен шыққаны сонша, жанкүйерлеріне дейін бір-бірін жек көреді. Соңғы алты жылда әлемнің үздік ойыншысына берілетін «Алтын допты» осы екі футболшы өзара бөлісіп келеді. Әзірге 4:3 есебімен Месси алда.

Клубтық деңгейде Роналду мен Месси мүмкін болған жүлделердің бәрін жеңіп алды. Ал ұлттық құрама сапында әлем чемпионы атану бақыты екеуіне де әлі бұйырған жоқ.

Месси қарапайым және жақсы рөлдегі кейіпкерге қатты келеді. Ал Роналду үнемі елдің назарында болуды қалайтынымен де ерекшеленіп жүр.

Сидни Кросби мен Александр Овечкин

Бұл хоккейшілердің арасындағы тартыс осыдан он жыл бұрын басталған. Спорттық мансабын екеуінің бірі аяқтаған кезде ғана олардың теке-тіресіне нүкте қойылмақ. 2005 жылы Канада жастар құрамасы финалда Ресейді 6:1 есебімен жеңген кезде Кросби алға шыққан. Сол кезден бастап Сидни тізгінді берер емес. Екеуі де 2005-2006 жылғы маусымда Ұлттық хоккей лигасында өнер көрсетуді бастаған. Сол жылы ресейліктің айқын басымдықпен жеңгені рас. ҰХЛ-да Овечкин ойнайтын «Вашингтон» мен Кросби намысын қорғайтын «Питсбург» кездескенде жанкүйер назарының тап осы екі ойыншыда болатынын болжау қиын емес.

«Кім мықты?» деген сұраққа жауап іздегенде Кросбидің мықтылығын мойындауға тура келеді. Ол Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы. 2010 жылы өз Отанында өткен қысқы ойындарда топ жарған Кросби 2014 жылы басты қарсыласының отанына келіп те алтынды алып кеткен болатын.

Мұхаммед Әли мен Джо Фрейзер

Әлемдегі бокссүйер қауымның Мұхаммед Әлиді бардық уақыттың үздік боксшысы деп атайтыны рас. Бірақ Әлиге Джо Фрейзердің ең мықты қарсылас атанғанын да ұмытуға болмайды. Олар бір-бірімен өте қиын әрі тартысты үш жекпе-жек өткізді. Бұл үш кездесу әлем боксының тарихында алтын әріппен жазулы тұр.

1970 жылы Әли мен Фрейзер алғаш рет кездесіп, Фрейзер Әлиді жеңген тұңғыш боксшы атанды. 1974 жылы ұпай саны бойынша Әли жеңіске жетті. Ал екі спортшының теке-тіресіне нүкте қойған кездесу 1975 жылы Филиппинде өтіп, «Маниладағы триллер» деген атау алды. Олар 14 раунд бойы жұдырықтасқан. Матч соңына қарай Джо Фрейзердің екі көзі мүлде ашылмай қалды. 15-ші раундқа Джо шыққан жоқ. Себебі, ол да Әли сияқты бар мүмкіндігін салған болатын...

Алексей Ягудин мен Евгений Плющенко

Ресейлік спортшылар Ягудин мен Плющенко арасындағы дуэль ғасыр басындағы ең мықты теке-тірестің бірі болды. Олардың шешуші «шайқасы» 2002 жылғы Солт-Лейк-Сити Олимпиадасында орын алған еді. Қысқа бағдарламада құлап қалған Плющенко алтыннан біржола үмітін үзді. Ал күні бүгінге дейін керемет қойылған бағдарлама саналатын «Қыс» және «Темір маскалы адамды» керемет орындаған Алексей Ягудин чемпион атанды. 2003 жылы Ягудин жарақатына байланысты спорттан кетті. Ал Плющенко 2006 жылы Турин Олимпиадасында жеңіске жетіп, 2014 жылы командалық сында Сочи Олимпиадасының алтынын алды. Спортшылар мұз айдынының сыртында да бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста емес.

Роджер Федерер мен Рафаэль Надаль

Надаль мен Федерер ең алғаш рет 2004 жылдың наурызында кездесті. Ол кезде Федерер әлемнің екінші ракеткасы еді, ал Надаль көп ешкім тани бермейтін 17 жастағы испандық қана болатын. Сол матчта Рафа әйгілі қарсыласын күтпеген жерден жеңіп кетіп, екеуінің арасындағы теке-тіресті бастады.

Әрине, бұл екі теннисшінің арасында керемет кездесулер өтті. Алайда, 4 сағат, 48 минутқа созылып, қас қарайғанша өткен 2008 жылғы Уимблдонның финалын ешкім ұмыта қоймасы анық. 5 сеть қорытындысы бойынша Надаль жеңіске жетіп, 5 жыл бойы Уимболдонда салтанат құрған Федерерді тағынан түсірді.

Бүгінде швейцариялық спортшы жасының ұлғайғанына байланысты көрнекі ойын көрсетіп жүрген жоқ дейтіндер табылады. Әйтсе де, екі теннисші әлі талай ұмытылмас кездесулер өткізеді деген үміт басым.

Майк Тайсон мен  Эвандер Холифильд

Тайсон мен Холифильд арасындағы жекпе-жек ең даулы кездесулер ретінде тарихта қалды. Оған себеп – Тайсонның қарсыласының құлағын тістеп алуы.

Қарсыласының құлағын тістеп, тарихта қалған Тайсон ақыры Холифильдті жеңе алмай, шаршы алаңмен қоштасты. 1996 жылы өткен алғашқы кездесудің 11-ші раундында төреші жекпе-жекті тоқтатып, қатты соққының астында қалған Тайсонды аман алып қалды. Жеңіс техникалық нокаутпен Холифильдке берілді.

Қарымта матч 1997 жылдың маусымында өтіп, жекпе-жек кезінде Тайсон Холифильдің құлағын тістеп алды. Төреші сол бойда жекпе-жекті тоқтатпағаны үшін әлі де ұялатын шығар. Тек үшінші раунд аяқталған соң ғана кездесу тоқтатылып, Тайсон шаршы алаңнан шеттетілді. Ал Холфильд басты қарсыласынан жеңілмеген боксшы болып тарихта қалды. 2009 жылы Холифильд Тайсонды кешіргенін айтты, бүгінде олар жақсы араласып тұратын достар.

Михаэль Шумахер мен Мика Хаккинен

Шумахердің «Формула - 1»    бәсекесіндегі мансабы ұзақ әрі табысты болды. Тіпті, ол жеңбеген спортшылар қалмады десек те болатын шығар. Алайда, атышулы Шумахермен иық тірестіріп, тіпті, кей кездері одан озып кеткен бір спортшы бар. Ол – финляндиялық Мика Хаккинен. Шумахермен жарысуға қорықпаған Миккидің екі чемпиондық атағы көп нәрсені аңғарса керек.

Тас жолда қарсылас атанғанымен, спортшылар өмірде жақсы қарым-қатынаста болған.  Шумахер таудан құлап, комада жатқан кезде оның айтқан сөздері оның азаматтығын да көрсетсе керек. «Сен екеуміздің тас жолда күрескеніміз сияқты күресуің керек!», - деп жазған болатын Хаккинен.

Жозе Моуринью мен Хосеп Гвардиола

Бәсекелестік тек спортшылардың ғана емес, бапкерлердің арасында да болады. Оған басты дәлел – қазіргі футболдағы білікті маман саналатын Моуринью мен Гвардиоланың теке-тіресі. Кезінде олар бір командада болған. Пеп «Барселонаны» өрге сүйреген ойыншылардың бірі, ал Жозе әйгілі бапкер Бобби Робсонның көмекшісі еді. Кейін олар қарсыласқа айналып шыға келді.

2010 жылы Жозе жаттықтыратын «Интер» жеңіліс дегеннің не екенін білмейтін «Барселонаны» ұтып кетті. Содан соң, Моуринью Италияны тастап, Испаниядағы ең жұлдызды командалардың бірі «Реалды» жаттықтыруға келді. Міне, осыдан соң бәрі де басталды: даулы баспасөз мәслихаттары, бір-бірін сөзбен түйреп өту және суперкомандалардың керемет ойындары.

Бүгінде екі маман да аталған клубтарда жұмыс істемейді. Моуринью Лондонның «Челси» клубын жаттықтырса, Гвардиола «Бавария» клубына басшылық етеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/939506-alemdik-sporttaghy-bitispes-qarsylas.html