RU

Алматыда тілі шықпаған ұлды ұрған балабақша тәрбиешісі камераға түсіп қалды

Алматылық келіншек бір жастан енді асқан сәбиін сабаған тәрбиешілерді жауапқа тартқыза алмай жүр деп хабарлайды КТК арнасы.

Ақкенже Ғұмарованың айтуынша, балабақшаға он екі мүшесі сау тапсырылған бөбегі үйіне көгала қойдай болып оралыпты. Сөйтсе, жекеменшік балабақшада жәбір көрген Ақкенженің ғана ұлы емес екен.

Ақкенже ұлын екі күннен бері жұбата алмай жүр. Денесіне сәл тиіп кетсе болғаны, сәбиі шырылдайды. Өйткені жұдырық тиген арқасын ауырсынады.

"Баланы балабақшаға апарып жүрсек, бұл қорлық көріп жүр екен. Мынау не деген сұмдық? Мынау не деген бәле?! Қалай ұруға болады бұл баланы? Бұл бала не жазды?", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Ақкенже Ғұмарова.

Өзін қоярға жер таппаған ана баланы бірден тексерткен. Тілі әлі шықпаған сәбидің таяқ жегенін дәрігерлер де растады. Ал «саусағымыз да тиген жоқ» деп ант-су ішкен тәрбиешілер өзі құлап кеткен деп жайбарақат отыр.

"Бала баспалдақтан құлаған екен. Содан баланың үстінде көгерген іздер пайда болған. Оны байқамаған ғой! Бала қатты жыламаған... Жылағанына мән бермеген тәрбиеші", - дейді балабақша меңгерушісі Гаухар Батырханова.

Бірақ анасы бала баспалдақтан құлады дегенге сенген жоқ. Сөйтсе, күдігі бекер емес екен. Бақылау камерасына түсіп қалған кадрлерде тәрбиеші басқа бүлдіршіндерге де көресіні көрсетіп жатыр. Олар, тіпті баланы жұбатудың орнына одан сайын ұра берген.

"Мен көрдім бір тәрбиешіні, Индира деген аты. Жұлқып-жұлқып жіберген кәдімгідей, аузынан ұрған. Салфетканы аузына тыққан", - дейді ол.

Тәрбиешінің бала аузына майлықты тықпалап жатқаны да таспаға түсіп қалған. Бірақ бұл жағдайларды ешкім мойындар емес.

"Жыламай-ақ жүрген ғой ол? Арқасы ауырса жылайтын еді ғой? Шымшыған да жоқпын, артына тиіскен де жоқпын", - дейді тәрбиеші Жансая Орынбекова.

«Алтын ұя» деген бұл жекеменшік балабақша небәрі екі ай бұрын ашылған екен. Екі қабатты коттедждің іші толы бүлдіршін болса да, мекеме меңгерушісі бірде бір құжатын көрсете алмады.

Балабақшадағы отыз шақты балаға небәрі үш тәрбиеші қыз ғана қарап отыр. Оның өзі жиырмадан жастары енді асқан студент қыздар. Біреудің үйін жалға алып, балабақша ашқан кәсіпкер оларды ғаламтор арқылы жұмысқа алыпты.

Мұны естіп, жағасын ұстаған ата-ана енді мемлекеттік балабақшаға кезегі келмейінше ұлын үйде тәрбиелеуге бел буған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/939750-almatyda-tili-shyqpaghan-uldy-urghan-bal.html