RU

Шекарашылар менингитпен ауыратын ер адамды есірткі тасымалдаушы деп қабылдаған

Қазақстандық шекарашылар есірткі тасымалына күдікті ретінде автобустан менингитпен ауыратын Өзбекстан азаматын түсіріп алды.

Бұл туралы ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, шекара қызметінің «Ақтөбе» шекара отрядына қарасты «Жайсаң авто»тексеріп-өткізу бекетінде, кеше (2015 жылғы 29 қазан) түнгі сағат бірдің шамасында «Шымкент — Нижний Новгород» бағытымен келе жатқан автобустағы бір жолаушы шекарашылардың еріксіз назарын аударды.

"Қимыл-қозғалысы тым сылбыр, өзіне қойылған сұраққа жауап беруге шамасы жоқ, қалтасындағы құжатын әрең шығарып берді.Дегенмен, шекарашылардың күдігі сейілмеді.Өйткені, есірткі барондары кейбір адамдарды «тірі контейнер» ретінде қолданатындығы белгілі. Ішіне жұтып алған есірткісі жарылып кетіп, талай адамның жол-жөнекей қайтыс болғандығы да белгілі. Жоғарыдағы жолаушының жай-күйі осындай оқиғаларды еске түсірді", - делінген хабарламада.

Төлқұжаты бойынша ол 1989 жылы туған Жаишид есімді өзбекстандық азамат екендігі анықталды. Автобус жүргізушісі де бұл жолаушының жол бойы автобустан түспегендігін, тамақ ішпейтіндігін айтты. Күдік тіпті ұлғая түсті.

"Шекарашылар күдікті жолаушыны алып автобустан алып қалып, Жайсаң елді мекенінің учаскелік дәрігерін шақыртты",-деп атап көрсетті шекара қызметінен.

Дәрігер жолаушының менингит ауруына шалдыққандығын анықтады. Қазір науқас Ақтөбе облысының Мартөк ауылындағы аудандық орталық ауруханада емделуде.

"Егер шекарашылар болмағанда, өзінің ауруын жасырып, ұзақ жолға кетіп бара жатып жолаушының жағдайы не болар еді",-деп қорытындылады баспасөз қызметінен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/940206-shekarashylar-meningitpen-auyratyn-er.html