RU

Бауыржан Байбек зейнеткерлерге "Оңай" картасын қалай қолдану керектігін түсіндіріп берді

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Алмалы ауданының әлеуметтік қорғау бөліміне күтпеген жерден кіріп, ондағы зейнеткерлердің «Оңай» электронды билетін алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрғанын көрді.

Белгілі болғаны - мекемеде зейнеткерлерге картаны тез әрі ұқыпты рәсімдеп, қызмет көрсететін мамандар саны аз. Одан қалса, компьютерлер жеткіліксіз, тиісінше мамандардың жұмысы тым баяу жүреді. Қариялар тұрмыстық қажетті заттар жоқ жерде аяқтарынан тік тұрып кезек күткен. Қала әкімі қарттармен тілдесіп, түйткілдерінің түйінін дереу шешуге тапсырма берді.

Жуырда ғана қолданысқа енген «Оңай» электронды картасын алу үшін зейнеткерлер өздерінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша әлеуметтік қорғау бөлімдеріне ағылуда. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Алмалы ауданындағы осындай бөлімшеге күтпеген жерден бас сұғып, ондағы келеңсіздіктерді көрді.

Зейнеткерлер мекемеде техникалық құралдардың бұзылып қалуынан және қызмет көрсетуші мамандардың жетпеуінен ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр болған. Қариялар қала әкімін көрген бойда өздері көрген келеңсіздіктерді айтып, арыздарын жаудырды. Шаһар басшысы зейнеткерлерді мұқият тыңдап, электронды билет жүйесін енгізудегі артықшылықтарды түсіндіріп берді.

Қала әкімі қарттарға жаңа жүйенің тиімділігін айтып, картамен төлем жасау арқылы жолаушы тасымалындағы заңсыздықтардан құтылауға болатынын жеткізді. Жолақыдан түскен пайда тікелей қала қазынасына құйылып, сол арқылы қоғамдық көліктердің сапасын арттыруға мүмкіндік туатынын да айтты. Сондай-ақ 75 жастан асқан зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері қоғамдық көлікте тегін жүретінін де ескертті. Зейнеткерлер бұдан бөлек ,медицина саласында да сапалы қызмет көрсетілмейтін айтып шағымданды.

Тұрғындардың басындағы қиындықтарды ескерген шаһар басшысы тез арада түйткілді шешуді тапсырды. Нәтижесінде, халыққа ыңғайлы болу үшін әлеуметтік қорғау бөлімдерінің іші-сыртына отыратын орындықтар орнатылды. Су қондырғысы қойылып, кезек күту барысында тамақтануға болатын арнайы орын ашылды. Оған қоса, ақсақалдардың денсаулығына жауапты дәрігер де отырады осында. Қариялар өздерінің шағымдарына дереу жауап қатқан шаһар басшысына алғыстарын білдірді.

Мұндай жұмыстар Әуезов және Бостандық аудандарында да жүргізілді. Бұдан бөлек, әр ауданның әлеуметтік қорғау бөлімшелеріне «Оңай» картасын таратып, оны қалай қолдану қажеттігін түсіндіретін және техникалық құралдардың ақауын жөндейтін қосалқы мамандар бөлінді. Сондай-ақ бөлімшелерде ұзын-сонар кезекті болдырмау үшін оны талонмен беретін электронды таблолар қою жоспарлануда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/940279-bauyrzhan-baybek-zeynetkerlerge-onhay.html