RU

Ақтөбелік шенділер күздің қара суығында оқушыларды тік тұрғызып, әкімді күттіртіп қойды (фото)

Ақтөбе қаласының Өрлеу ауылы оқушыларына арналған №57 мектеп қыркүйекте қолданысқа берілуге тиіс болатын. Алғашқы тоқсан соңында əрең біткен білім ордасын əкім Бердібек Сапарбаев ашты.

Жаңа мектептің ашылуы білім ордасының ауласында өтті. Əн шашу əзірлеп, сыртта қонақтарды күткен балалар əкім келгенше жаурап қалды.

Шашына көтере бантик тағып, жалаң бас, жалаң қол балалар апайларының тапсырмасымен облыс əкімдігінен келген үлкен қонақтарды тапжылмай күтті. Ал даланың суығына шыдамаған ұйымдастырушылар мектепке жиі кіріп, бойын жылытып жүрді.

Мектепке құттықтау сөзін арнап, ішін аралап шыққан облыс əкімі білім ордасындағы көңілі толмайтын тұстарды да айтып кетті.

"Дəліздің əр жеріне қуыстар жасай беру дұрыс емес. Кабинеттер санын көбейту керек. Балалардың білімге құштарлығын қарапайым табалдырықтан бастау керек. Табалдырықтың бойына əдемі сөздер жазса балалардың есінде тез қалады. Ондай тəсіл Өскемен мектептерінде бар. Сол жаққа бір адамды жіберіп, қарап қайтыңдар", деді Бердібек Сапарбаев.

Өрлеу ауылында ашылған мектептің жалпы сметалық құны -  372, 2 млн теңге. Заманауи үлгіде салынған үш қабатты ғимарат 270 орынға арналған. Онда 120 орындық асхана, 2 технология кабинеті, спорт зал жəне 3 оқу бөлмесі бар.

Бұрын 1987 жылы салынған балабақша ғимаратында оқыған балалар спорт залдың не екенін білмейтін. Енді жаңа ғимараттың спорт залында асыр салған оқушылар қуанышында шек жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/940489-aqtobelik-shendiler-kuzdinh-qara-suyghy.html