RU

Шымкенттік төреші биржада 100 мың долларынан ұтылып, қызметінен айырылды

Шымкеттің жас төрешісі талдықорғандық алаяқтың сөзіне еріп, биржа саудасына араласпақ болған. Әйел сауданы 100 мың доллардан бастамақ болады. Алайда алаяқ оның жеке кабинетінің мәліметтерін қолға түсіргеннен кейін барлық қаражатты жоқ қылған.

Бұл туралы Times kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Өзін биржалық келісімдер бойынша маман ретінде таныстырған алаяқты ШҚО аудандық инстанциясының төрешісі «Алматы – Шымкент» бағытындағы поезде жолықтырады.

Заң ғылымдарының кандидатын алаяқ саудадан үлкен көлемде жеңіл ақша табуға болатынына сендірген.

Өзінің шеберлігінің дәлелі ретінде қылмыскер Мәскеудегі "Халықаралық инвестиция және трейдинг" оқу орнының дипломын көрсетеді. Тараздан түсіп қалған азамат әйелден байланыс нөмірін алып, көп ұзамай Шымкентте қайта жолығады.

Ер кісі шымкенттікті халықаралық коммерциялық FiboGroup LTD компаниясының ақпараттық-коммуникациялық желісінде жеке кабинетін ашуға көндіреді. «Шексіз табысқа кенелесің» дегеніне сенген әйел 2015 жылдың 21 қаңтарында электронды пошта арқылы аталмыш компанияда жеке кабинетін ашады. Логин мен паролін алғаннан кейін шотқа 100 000 долларды құяды.

5 ақпанда шотын тексергенде түк жоқ екенін білген әйел есеңгіреп қалады. Ол алданғанын түсініп, азаматтың үстінен ІІД-ге арыз түсірген.

Белгілі болғандай, әйелді өзінің ғашық болып қалғанына сендірген ер кісі бұған дейін істі болған. 2008 жылы Қостанай соты оны 6 жылға бас бостандығынан айырған.

Тергеу барысында, әйелдің логині мен паролін біліп алған азамат 27 қаңтардан бастап, төрешінің атынан биржалық сауда жүргізген. Сөйтіп өз ноутбугынан өзгенің қаражатын басқарған азамат, бар ақшадан ұтылып қалған.

Ата-анасының пәтерінде тұратын аферистің еш мүлкі жоқтығы анықталды.

Шымкенттің Қаратау аудандық соты оны өзгенің сенімін асыра пайдаланып, ірі көлемдегі қаражатты ұрлау мақсатынсыз, жоқ қылғаны, осылайша материалдық нұқсан келтіргені үшін кінәлі деп таныды.

Сотталушы төрт жылға жалпы режимдегі колонияда бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Сонымен қатар коммерциялық компанияларда трейдерлікпен айналысу құқығынан екі жылға айырылды.

Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер бойынша апелляциялық коллегиясының шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Ал алаяқтықтың құрбанына осы жайттан кейін жұмыстан босату туралы өтініш жазуға тура келген. Ол қаражатымен қоса, төрешілік мансабынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/940731-shymkenttik-toreshi-birzhada-100-mynh-dollar.html