RU

Павлодар облысының әкімін бопсалаған журналист 8 жылға сотталды

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтан 500 мың доллар ақша бопсалаған "Версия" газетінің редакторы Ярослав Голышкин мүлкін тәркілеумен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл туралы Today.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Ауданаралық мамандандырылған соттың залынан үш сотталушыны кісендеп алып шықты.

"Версия" газетінің бас редакторы Ярослав Голышкинді сот қатаң режимдегі колонияда мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Асқар Бахралинов мүлкі тәркілене отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Кәсіпкер Нұржан Сүлеймановке 7 жылға бостандығын шектеу жазасы және экс-полицей Фархат Алясовқа 3,5 жыл мүлкін тәркілей отырып, бас бостандығынан айыру әрі полиция майоры атағынан айыру жазасы кесілді.

Сот Сүлейманов пен Алиясовтың өз кінәсін мойындап, сол үшін өкінетіндері мен тергеуге болысқандарын ескеріп, үкім шығарған.

Бозымбаевтың азаматтық арызын қараусыз қалдырды.

Еске салсақ, 14 мамырда ҰҚК арнайы тобы павлодардық «Версия» газетінің редакторы Ярослав Голышкинді қамауға алған болатын. Редакторға Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтан бопсалаушылықпен ақша талап етті деген айып тағылды.

Барлық даудың басы әкімнің ұлы Дәурен мемлекеттік резиденция алдында әйелді зорлағанын растайтын зардап шегушінің сұхбат берген видеосынан туындаған. Редакторға аталмыш видеоны таратпауы үшін аймақ басшысынан 500 мың доллар талап еткен деген айып тағылды. Бойжеткеннің зорланғаны расталғанымен, полицейлер оған әкімнің ұлы қатысты деген айыпты жоққа шығарды.

Айта кетерлігі, зардап шегушінің құрбысы 18 жастағы Әлмира Күлиева да жақында куәгерден айыптыға айналған. Оған ірі сомада әкімнен ақша бопсалаған топқа қатысы бар деген айып тағылған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/940776-bozymbaevtan-aqsha-bopsalady-dep-ayyp.html