RU

Тұрғын санына қатысты мәлімет беруде Шымкент әкімі алданып қалды

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қаланың халқы 1 миллионнан асты деп мәлімдеп жібергенімен, оны тиісті мекемелер растамай отыр деп хабарлайды 31 арна.

Облыстық статистика департаментінің басшылығы болса, бұл ақпаратты жоққа шығарып қана қоймай, әкімге жаңсақ ақпар берілген деп, халыққа қызмет көрсету орталығы санақ жүргізбейтінін айтып отыр.

Жуырда Шымкентте өткен жиынның бірінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов халыққа қызмет көрсету орталығы берген мәліметке сәйкес, облыс орталығындағы тіркелген тұрғындар саны 1 миллионнан асты деп мәлімдеме жасады. Үшінші мегаполиске айналған шаһардың мәселесі президенттің де арманы деді.

"Біздің Шымкентті үшінші, Алматы, Астананың қасындағы үшінші мегаполис болуы, болуына біздің Елбасымыздың арманы ғой. Регистрацияға өтіп қойған халықтың саны 1 млн 92 мың", - деді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Алайда, Оңтүстік Қазақстан облыстық Статистика департаменті басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Әкімді жаңылыстырған Халыққа қызмет көрсету орталығына сұрау жібергенін айтты. Тіпті ондай мәлімет тарату орталықтың құзыретінде еместігін де айтып қалды.

"Қазіргі таңда біз Халыққа қызмет көрсету орталығына хат жолданып отыр. Қандай негізде ол көрсеткіштер әкімдікке берілгені және әкімді қандай көрсеткіштермен жаңылысқа алып келгені туралы", - дейді ОҚО Статистика департаменті басшысының міндетін атқарушы Жанар Ережепова.

Ал Халыққа қызмет көрсету орталығы болса, әкімге халық саны миллионнан асты деген ақпарды біз бермедік деп шықты.

Әкімнің олай айтқаны мен облыстық газеттің бетіндегі жарияланған мақаланың қайдан шыққанына өздері де таң.

Редакцияға ресми хат жолдапты. Мәселе әкімнің сөзіне қатысты болғандықтан, ойланып жауап бергеніміз дұрыс деп, сұхбат беруден бас тартты.

Шымкент қаласының халқы осы жылдың 1-ші қыркүйегіне 877 мың 445 адамды құрайды деген статистика департаментінің ресми мәліметінен артық ештеңе айта алмайтынын жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/941185-turghyn-sanyna-qatysty-malimet-berude.html