RU

Тараздық спортшы самбодан әлем чемпионы атанды

Тараздық Арайлым Шегенова Латвия астанасы Рига қаласында өткен самбодан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде 80 келіден астам салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атанды.

Бұл туралы ТарМПИ баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан мәлім етті деп хабарлайды Bnews.kz.

Қазақстандық спортшы финалда ресейлік қарсыласынан басым түсіп, алтынға қол жеткізді. Дүбірлі додаға аталған салмақ дәрежесінде 32 мемлекеттің саңлақтары қатысқан.

«Арайлым үшін спорттың осы түрінің келешегі зор. Ол әлі талай қарсыластарын шаң қаптырып, жеңіс тұғырынан көрінеді. Өйткені, ол өте еңбекқор және төзімді. Спортта үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады», - дейді жетекшісі Қонысжан Танаев.

Айта кетейік, қазан айының 8-12 аралығында Латвияның Рига қаласында самбодан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі өтті.

Халықаралық турнирде бақ сынаған А.Шегенова жарыс жолында Беларусь, Румыния, Ресей спортшыларынан басым түсті. Балғын спортшы бұған дейін жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Оны жарысқа Қайролла Лұқманов дайындады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/941267-tarazdyq-araylym-shegenova-sambodan.html