RU

Алматылық жұмысшылар жүріп келе жатқан көліктің үстіне 2 тонналық ағашты құлата салды (фото)

Алматылық жұмысшылар жүріп келе жатқан көліктің үстіне үлкен ағаш құлатқан. Көліктің рөлі оң жағында болғандықтан, жүргізуші аман қалды.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісіне зардап шеккен тұрғын хабарлады.

Оқиға Шевченко-Масанчи көшелерінің қилысында болған. Автокөлік иесінің сөзінше, жұмысына жақындап, солға бұрыла берген сәтте машинаның төбесіне екі тонналық ағаш томары құлаған.

Ағаш өздігінен емес, жұмысшылар кескеннен кейін құлаған. Артынша оқиға орнына келген полицейлер коммуналдық қызметкерлердің қауіпсіздік ережесін сақтамағанын айтып, хаттама толтырыпты.

Яғни жұмыскерлер үлкен ағаш кесер кезде жолды жауып немесе қоршаулары тиіс екен. Олар оның бірін де жасамай, жуан теректі түбінен сұлата салған.

Абырой болғанда көліктің рөлі оң жағында болып жүргізуші аман қалды. Салмағы ауыр томар көлікті жапырайтып жіберген, ал ішіндегі адамның аман қалары екіталай.

«Машинадан шығып, жігіттер бұларың не десем, біз саған ескерттік айқайлап айттық  дейді. Солай жасауға бола ма? Мен көлік жүргізіп келе жатырмын. Олардың тоқта деген белгісін де, басқасын да байқаған жоқпын. Енді көлігімді жөндетіп беру үшін сотқа беремін», - дейді көлік иесі Гилман Карин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/941481-almatylyq-zhumysshylar-zhurip-kele-zhatq.html