RU

Қазақ хандығының 550 жылдық тойына Хан Кененің қылышы әкелінді (фото)

Таразда тойланған Қазақ хандығының 550 жылдығы Оңтүстік халқының атынан үлкен бір құрам барып қайтты деп жазады kz.otyrar.kz.

Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші облыстағы  тойға тек қонақ ретінде қатысып қоймай, тойдың түсер салмағына иығын тосып, бір кісідей-ақ жұмылды.

Оңтүстік елі Қазақ хандығының 550 жылдық тойында үш киіз үй тікті. Оның біреуіне үлкен дастархан жайылды.

Арыс ауданының әкімдігі қонақ күтетін киіз үйдің сүйегін құраса, Шардара мен Отырар аудандары ас-суды жеткізіп, тік тұрып, қызмет көрсетті.

Қонақ күтетін орданың қос қапталына облысымыздағы мұражайлардың жәдігерлері қойылған қос ақбоз үйдің керегесі қаланды.

Соның біріне ОҚО тарихи-өлкетану мұражайының таңдаулы жәдігерлері әкелінген. Ең құндысы — Кенесары ханның қайқы қылышы.

Хан Кененің әз басын елге қайтаруды жырлаған ақындардың тілегі тек аз ғана топтың емес, тұтас қазақ елінің қалауы екеніне Кенесары ханның қылышын көруге келген жұртшылықтың көптігі дәлел болды.

Айта өтейік, Хан Кененің қызыл қынапты қылышын 1931 жылы облыстық тарихи-өлкентану мұражайына ханның немересі Әзімхан Кенесарин тапсырған.

Баға жетпес тарихи жәдігерлер тізілген киіз үйдегі тағы бір біздің мақтаныш - қазақ халқының ұлттық киімдері: ішік, жарғақ шалбар мен белдемше.

Кестеленген өрнек салынған белдемшенің жасы XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басына сәйкес келеді. Ал ғасыр көрген жарғақ шалбар тұтастай жас құлынның терісінен тігілген.

Үшінші киіз үйде Батырбек Өтепов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының құнды заттары мен «Отырар» кітапханасының кітаптары қойылды.

Мұндағы құнды дүние, Батырбек Өтеповтің өз қолынан шыққан — «Шілде» туындысы. Бұл гобелен 1972 жылы тоқылған. Жібі Монғолиядан әкелінген қой жүнінен иірілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/941532-qazaq-khandyghynynh-550-zhyldyq-toyyna-khan-k.html