RU

ОҚО-да Қайрат Нұртастың әкесінің өтіп кеткен концертіне мәжбүрлеп билет алғызған

Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбековтың концерті 20-қазанда ОҚО, Сарыағаш ауданы Абай қаласында Абай мәдениет үйінде өткен. Әр билеттің құны мың теңгеден болған.

Осы өтіп кеткен концерттің билеттерін Сарыағаш ауданына қарасты ауыл мектептеріне апарып сатып жатыр деп жазады Abai.kz порталы.

Мұғалімдер «өтіп кеткен концерттің билетін неге сатып алуымыз керек» деген сұраққа жауап таба алмай отыр.

"Ауыл мектептеріндегі мұғалімдер онсыз да «болмашыға ақша жинағыштар» тобы болып саналғалы қашан?. Ал мына жайт көптен ширығып жүрген мұғалімдердің шамбайына қатты батты. Өтіп кеткен концерттің билет құнын мұғалімдер қалтасынан алу дегеніңіз барып тұрған басыну емес пе?! Ауыл мектептерінің бірі Сарыағаш ауданы №77 С.Сейфуллин атындағы мектепке де осы билеттерді әкеп тықпалаған. Мектептерде бұдан өзге де сорақылықтар болып тұрады. Ең танымал сорақылық – келмеген комиссияға ақша жиып беру. Біздің мектеп тексергіш комиссияларымыздың негізгі мақсаты – мектептің кем кетігін түзеу емес, түк істемей пара жинап алып, тайып тұру болғалы қашан. Қала берсе мұғалімдерді мәжбүрлеп газет-журналға жаздыру, ақын-жазушылардың жаңадан шыққан кітаптарын алдыру, өлім-жітімге белгіленген мөлшерде ақша жинау сияқты жайттар мұғалімдердің жүйкесін көбірек тоздыруда. Маңдай термен тапқан нәпақаның біразы осындай пайдасы жоқ ақша жинау науқандарымен шығып кетеді", - деп жазады мақала авторы Гүлжан Ізтай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/941840-oqo-da-qayrat-nurtastynh-akesininh-otip.html