Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ байлары мазар салудан қалай жарысады?

Опубликовано:

Соңғы уақытта дүйім жұртты дүрліктіретін мәселенің бірі - өлген адамның басына қоятын мазардың түр-түрі. Тіпті тіршілікте жоқ туысына 3 қабатты сарай тұрғызып, оны арнайы адамдарға күзеткізіп, жуып-шаятын күтушілер жалдайтын байлардың ісінен молдалар жағаларын ұстап отыр.

Бүгін біз имамдарды шошытқан, сәулетшілердің ерекше жобасымен тұрғызылған мазарлар жайлы сөз етпекпіз.

Бет-әлпетін көрсетуден бас тартқан Мақсат есімді бұл шырақшының Кеңсай мұсылман қорымында қызмет етіп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болған. Міндеті – туысына келген азаматтардың сұрауы бойынша құран оқып, жөн сілтеу. Алайда имам азаматтарға ақыл айтып, шариат жолын түсіндіруге құлқы жоқтығын жеткізді.

«Алғашында мазар тұрғызып жатқандарға жөн-жосығын айтып, жол сілтейтінмін. Қазір олай жасамаймын. Себебі, адамдар түсінбейді. Анасының бейітіне зәулім сарай салып, мәрмәрмен қаптатып жатқан қазақ жігітіне бұл дұрыс емес, анаңа о дүниеде ауыр болады десем, «Өзім білем. Бұл менің анама жасаған соңғы сыйым» дейді. Тіпті бір-екеуіне "ей жігіттер тоқтатыңдар, Құран жолына қайшы" десем, мені әкімдікке жамандап жұмыстан қууды сұраған. Ақылды осылай қабылдайтындарға енді басымды ауыртқым келмейді», - дейді ол.

Шырақшының сөзінше, зиратта әр ұлттан жерленген мұсылмандар көп. Алайда о дүниелік болған адамға құлпытас пен көк тіреген күмбезді қоюдан алдына жан салмайтын қазақтар көрінеді. Имамның бұл сөзін зират аумағында мазар салып жатқан құрылысшылар да растап отыр.

«Жалпы ең жақсы тапсырысты тек қазақ байлары береді. Айтатындары - біздің мазар өзгеше болсын, ешкімдікіне ұқсамасын. Ең арзан мазардың құны 2 миллион теңгеден 150 мың долларға дейін жетеді. Оның қымбат болу себебі, таза ақ мәрмәр, құлпытастарды көбінесе Италия, Германиядан алдыртамыз. Ал кейбір күмбездерге бағалы металдар қойылады. Оның құнын мен сізге айта алмаймын. Себебі, ұрылар естімегені дұрыс. Ал кесененің кескінін арнайы сәулетшілер сызып дайындайды. Біз сол жоба арқылы оны тұрғызамыз. Былайша айтқанда, жыл бойына жұмыс бар. Тек мәрмәр мен граниттен қаланатын мазарларды жылы күндері жасаймыз», - дейді құрылысшы Еркін.

Қорым аумағында кейбір мазардың бұзылып жатқандығын да көрдік. Алайда ол арнайы жасалған іс. Құрылысшылардың сөзінше, қалталы азаматтар жер қойнауындағы жақындарының мазарын 3-5 жыл сайын жаңартып тұрады.

Яғни пәтер секілді түгелдей күрделі жөндеуден өткені былай тұрсын, бұрынғы күмбезді сырып тастап, су жаңа дизайндағы мазар тұрғызуды әдетке айналдырған.

Әрбір мұсылман зиратында 20-30 шақты азаматтар тұрақты жұмыс жасайды. Олар қорымға күн сайын таңғы 9-да келіп, кешке қайтады. Қызметтері - бай-бағланның мазарын күзетіп, гүлдерін күтіп, бейіт басын күнделікті жуып-шайып отыру.

Бұл азамат жары екеуі - Кеңсайдағы он шақты бейіттің тазалаушысы. Әр мазардың күту жұмысына аумағына байланысты 10 мынан 15 мыңға дейін аламыз дейді. Тау басындағы қорымның кейбірі саябақ болса, кейбірі кілем төселген демалыс орнына көбірек ұқсайды. Тіпті жұмысшылардың іс-қимылы мен ұрылардан сақтайтын арнайы бақылау камералары әр қадам сайын қойылған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері болса, жарысып мазар тұрғызатын байлардың ісін «ысырапшылдық пен бәдіктікке» теңеді.

Дағдарыс қысқан заманда мазар салудан бір-бірімен жарысқан байларды тәубесіне түсірудің бір жолы - мемлекет тарапынан тыйым салу керек дейді ол.

«Шариғатта "өлген адамға құрмет қыл, ол үшін мал мен жан-жануар кірмейтіндей етіп қоршап қой" деген. Ол дегеніңіз сарай тұрғызу емес, адамның беліне жетпейтіндей жеңіл қоршау тұрғызу. Ал бейіттің басына өскен шөпті жұлып, өртеп алысуға болмайды. Ол өзі қурап кетуі тиіс. Қайтыс болған адамға бұдан еш сауап жоқ. Одан да басына құран оқып, сол кісінің атынан садақа берсе, міне содан артық сауап жоқ. Мына тай-таласып мазар салатындардың ісін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ысырапқа теңеді. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан, «өлген адамның артынан тек үш-ақ нәрсе барады. Ол елге жасаған жақсылығы (көпір, мектеп, аурухана салу), екінші - халқына ілім мен білімді тегін үйретсе, үшінші - жақсы тәрбиелі ұрпақ қалдырып, солар артынан дұға жасаса» деген. Одан да сол мазарға кеткен ақшаға тірілер жетім-жесір мен кедей-кепшікке үй әперіп, қатты науқас жанның еміне төлесе, содан артық сауапты іс жоқ. Ал ескірген мазарды жаңарту деген, тіпті жоқ. Себебі шариғат жолында зираттың үстіне 50 жылдан соң қайта адам жерлеуге болады деген рұқсат бар. Қазақтар бұл істерін тоқтатпаса, еліміз Қазақстан емес, қабірстан болып кетеді. Сондықтан «Жаназа пәтуасы» деген кітап шығардық. Әрбір жұма сайын жиылған халыққа осыны айтып, ысырапшылдыққа бармауды сұрап жатырмыз. Нәтижесін уақыт көрсетер енді», - дейді ҚМДБ шариғат пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/941963-qazaq-baylary-mazar-saludan-qalay-zhar/

pixel