RU

Алматы мектептерінде тегін «Оңай» картасы үшін ақша жинаған

NUR.KZ порталына Алматы тұрғындарынан шағым түсті. Гүлмира (асты өзгертілген) есімді ананың айтуынша, Ғабит Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясының ұстаздары «Оңай» жол жүру картасы үшін 300 теңгеден ақша жинатқан.

Артынша ата-аналар аталған картаның мектеп оқушылары үшін тегін екенін теледидардан естіп, бізге хабарласты.

«Әр бала басына 300 теңгеден әкелесіз деді. Біздің сыныпта 27 бала бар. Сосын 6 сыныпта оқитын ұлыма да сондай әкелуге талап етті. Барлығымыз бір ауыз сөз айтпай жинап бердік. Кейін білдік «Оңай» картасы балалар үшін тегін екенін. Сынып жетекшісіне хабарласып айтсам, бұны мен шығарған жоқпын. Барлық сыныптар жинады деді», - дейді Гүлмира.

Ата-ананың сөзін №86 мектептің 4 «г» сыныбының жетекшісі Салтанат Сатыбалдиева да растады.

«Иа, біз әр баланың басынан 300 теңгеден «Оңай» картасына ақша жинап өткіздік. Ол ақшаға басшылық фотограф жалдап, әр оқушыны жеке-жеке суретке түсірді. Себебі, карточкаға электронды фото керек екен», - деді ол.

«Бізде фотограф жоқ. Балалардың әкелген фотолары әртүрлі болды. Сосын барлық мектептің оқушыларының фотосы біріңғай болсын деп арнайы фотограф шақырттық. Ал әр баланың басынан қанша ақша жинағанын нақты білмедім. Бізде жалпы саны 46 сынып бар», - деп түсіндірді №86 мептеп-гимназиясының оқу ісі жөніндері орынбасары Бибігүл Бейсембаева.

Алайда, №86 мектептің қызметкерлері айтқан сөзді директор мойындамайды.

«Ақша жинаған жоқпыз, балалар фотоны үйіне әкелді десе, артынша балаларды фотографқа жіберуге қорықтық. Жолда бірдемеге ұрынып қалама деп мектепте суретке түсірдік», - деп сөзінен жаңылды ол.

«Төбемде құдай тұр ғой. Ақша жинаған жоқпыз. Әр сынып өздері суретке түсіп әкеліп өткізді. Сол арыз айтқан ата-ана менің алдыма келіп дәлелдесін. Мен орнымды (қызметінен - автор) 5 минутта босатып беремін», - дейді №86 мектеп-гимназиясының директоры Қалдықыз Мұсаева.

«Оңай» картасына қатысты мәселені анықтау үшін біз Алматыдағы 5 мектептің басшыларына хабарластық. Олар ақша жинамай, электронды фотоны оңай жолмен жасағандарын айтты.

«Алматы жолаушылар мекемесі «Оңай» жол жүру картасын балаларға тегін беру  үшін әрқайсысының сапалы фотосын сұратты. Біз ешқандай фотограф жалдамадық. Мектептің барлық оқушысын жинап, ұялы телефонға суретке түсіріп, артынша компьютерге аударып өткізе салдық. Ешқандай мәселе болмады. Оқушылардың алды картаға қол жеткізді», - дейді №78 мектеп директоры Раушан Құжамбетова.

№86 мектеп-гимназияда 46 сынып бар. Білім ошағының мәліметінше, оларда 1135 бала оқып жатыр. Әр баланың басынан 300 теңге жинағанда 340 000 теңгеге жуықтайды. Кішкене суреттің құны осынша болуы сәл күмән туғызады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/942775-almaty-mektepterinde-tegin-onhay-ka.html