RU

Алматылық қариялар 50 жылдан кейін некелерін қайта қиды

Алматының қарттары қартайғанда қылық шығарды. Жарты ғасыр бірге тұрып жатқан 50 қария жұп аяқасты некелерін қайта қиды.

Сондай-ақ олардың құрметіне «Мен тағдырыма ризамын» атты шара өтті. Мұндай кешті Наурызбай ауданының әкімдігі қарттар күніне орайластырып ұйымдастырған екен.

Өмірдегі ең толғанысты сәттердің бірін басынан екінші рет өткеріп жатқан Стамбековтар отбасы. Ерлі-зайыптылар міне 55 жылдан аса уақыт тату-тәтті өмір кешуде. Салтанатты рәсімде толғаныстарын жасыра алмады олар. Жарты ғасырдан астам бір шаңырақ астында тұрып келе жатқан Төлеш ата пен Сақыш апа мектепте жұмыс істеп жатқан кезінде танысыпты.

Бес баласынан 10 немере мен 2 шөбере сүйіп отыр. Үйдің ұйытқысы болып отырған ақ жаулықты ана мерейлі отбасының сыры- төзімділікте десе, отағасы «55 жылдың ішінде жарымнан еш жалыққан емеспін. Сезіміміз жыл өткен сайын берік», - дейді.

Қария жас шағын есіне алып, жарына арнап шығарған өлең шумақтарын да айтып берді.

«Қарасып қаппыз тесіліп, күтпеген жерде кезігіп. Қос жүрек үлпіп дір етті. Тылсым сәттің өрісіне кіріп, амалсыз үнсіз тарастық. Нұрланып кезек қарастық. Жүректер тапты-ау жарастық. Қондырған ізге қыдыр-бақ. Сиқырлы сезім сыйлаған. Керемет күш қой махаббат», - деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының тұрғыны Төлеш Стамбеков.

Стамбековтар отбасынан бөлек, тағы жарты жылдан астам жұптасып өмір сүріп келе жатқан 50 отбасы неке қию рәсіміне қатысты. АХАЖ бөліміне олар арнайы жалданған лимузиндермен келді. Бұдан бөлек, Наурызбай ауданының әкімі қарияларға алғыс хат пен сыйлықтар табыстады. Ауданда қарттарға арналған шара бір айдан бері ұйымдастырылып келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/943009-almatylyq-qariyalar-50-zhyldan-keyin-neke.html