RU

Қарағандылық қазақ қызы Американы биімен бағындырды (фото)

Американы биімен тамсандырған қарағандылық Айсұлу Жақышева өзге елде өмірі қалай жалғасқанын ашық әңгімелеп берді, деп жазады NUR.KZ ZTB.kz-ке сілтеме жасап.

Сымбатты әрі дарынды Айсұлу Жақышева жастайынан латынамерикандық және араб билерін билеп өскен. Ал 15 жасынан бастап бойжеткен хип-хоп биімен кәсіби түрде айналысады.

Айсұлу бала кезінен Америкаға баруды армандаған. Америкаға табан тіреген соң, ол Rhythm City компаниясынан шақырту алған. Аз уақыттың ішінде жас ару компаниямен 2 жылдық келісім-шартқа отырады.

25 жастағы Қарағандының тумасы Айсұлу 17 жасында қазақстандық шоу-бизнесте бағын сынау үшін Алматыға қоныс аударады. Сан алуан телевизиялық шоуға қатысқан бойжеткен әртістерге хореографиядан дәріс берген. Сондай-ақ, хип-хоп, стрип-пластика стилінде би үйреткен.

21 жасында Айсұлу университеттегі оқуын аяқтап, Америкаға жол тартады. Онда жас қыз Rhythm City компаниясымен келісімге отырады. Бүгінде Нью-Йоркте тұратын бойжеткен АҚШ-тың ашық теннис сайыстарында би билеп, модельдік қызмет те атқарған.

"Қазақстанға оралу ойымда жоқ. Бірақ, осында келіп, туыстарыммен, достарыммен қауышып тұрамын", - дейді Айсұлу Жақышева.

DOMO-ның Thru The Rain музыкалық бейнебаянында  Айсұлу өз өнерін көрерменге паш етеді. Бұған қоса, қазақстандық бойжеткен бұл әншінің  Domonation бейнебаянына да түскен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/943071-qaraghandylyq-qazaq-qyzy-amerikany-bi.html