RU

Ақтауда әйелінің көңілін таппақ болған азамат гүл сатушыны соққыға жығып, раушан гүлдерін тартып алған

Ақтауда әйелінің алдында кінәлі болып қалған ер кісі өз айыбын жуып-шаю үшін гүл сатушыны соққыға жығып, оның 50 тал раушанын тартып әкетті деп мәлімдеді құқық қорғаушылар.

Бұл туралы «Ладаға» сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Оқыс жағдай 30 қазан күні Ақтаудың 26 ықшамауданындағы «Достық» дүкені маңында болған. Полицияға 5 ықшамауданның 56 жастағы тұрғыны шағым түсірген. Сауда нүктесінің қожайыны гүл сатушысын соққыға жыққанын хабарлаған.

33 жастағы гүл сатушыға ертесімен келген белгісіз біреу одан гүл шоғын сыйлауды сұраған. Өтінішін орындамайтынын түсінгеннен кейін жұдырық ала жүгірген. Ол сатушыны соққының астына алып, 50 раушанды тартып алған. Кейін ізін суытқан.

Полиция бірнеше сағаттан кейін 30 жастағы Ақтаудың 27 ықшамауданының тұрғынын құрықтады. Күдікті сол күні таңертең үйіне түнемегені үшін әйелінің алдында кінәсін осылайша жуып-шаймақ болғанын алға тартты.

Енді ер кісі "тонау" бабы бойынша қылмыстық істе жазасын алатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/943137-aqtauda-ayelininh-konhilin-tappaq-bolgh.html