RU

Қазақстанда жетім балалардың саны мың бүлдіршінге азайған

Қазақстанда жетім қалған балалар саны кеміп келеді. Бұл туралы бүгін президент жанындағы ОКҚ өткен брифингінде Отбасы жəне əйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Бауыржан» қоғамдық қайырымдылық қорының директоры Жұлдыз Омарбекова мəлім етті.

«Бала толық және үйлесімді дамуы үшін ол отбасы аясында, бақыт пен махаббат, түсінушілік жағдайында өсуі қажет. Бүгінде жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарды кезең-кезеңмен қысқарту – осы санаттағы балаларды әлеуметтік бейімдеу үшін қажетті шаралар іске асырылуда. Ағымдағы жылы Қазақстанда қатарынан 7 жетімдер үйі жабылды. Бұл деген сөз балалар үйінің саны 195-тен 188-ге дейін азайып отыр. Кезінде Дариға Нұрсұлтанқызы өз сөзінде, кеңес үкіметінен қалған 200-300 орындық жетімдер үйін жауып, олардың орнына шағын-шағын отбасылар құру керек деген болатын. Бүгінде осыған байланысты Жамбыл облысында 10 отбасы типтес үйлер ашылса, Қызылордада балалар қалашығы салынды», - деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, ол бүгінде жетім балалардың саны мың бүлдіршінге азайғандығын айтты.

«Соңғы кездері бала асырап алудан үміткер қазақстандық азаматтар қатары да көбеюде. Сол себептен бүгінде жетім балалардың саны мың бүлдіршінге азайып отыр. Бұл мемлекет үшін өте қуантарлық жайт. Ал, жалпы есептейтін болсақ қазір Қазақстан бойынша 32 362 жетім бала тіркелген», - деді Омарбекова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/943387-qazaqstanda-zhetim-balalardynh-sany.html