RU

Сапарбаев өз ісіне салғырт қарайтын аудан мен ауыл әкімдерін тағы сынға алды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев барлық ауданды аралап шықты. Халықпен кездесіп, олардың проблемаларымен танысқан өңір басшысы 2011 жылы қарулы қақтығыс болған Темір ауданы, Шұбарши ауылындағы жағдай әлі тұрақталмағанын жеткізді, деп хабарлайды Bnews.kz.

Бүгін облыс әкімдігінде барлық аудан әкімдері өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың алдында есеп берді. Бюджет қаржысының игерілуі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және аудан, ауылдардағы ахуал кездесу кезінде ашық айтылды. Бұл – Бердібек Сапарбаевтың 70-ке жуық елді мекенді, 200-ден астам кәсіпорынды аралап шыққан соң жасаған алғашқы қорытындысы.

Ауданның дамуы мен халықтың халін айтқан Темір ауданының басшысы Бауыржан Қаниевке облыс әкімі ауылдағы жұмыстың дұрыс жүргізілмегенін баса айтты.

«Шұбарши ауылындағы жағдай жақсы емес. Бұл жайлы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысымен де сөйлестім. Аудан, ауыл әкімі күнделікті қарау керек. Сіздер, әсіресе, тұрғындармен жұмысты нашар жасайсыздар. Байланыс аз. Егер ол жерде байланыс жақсы болса, әкім халыққа жақын болса, жағдай басқа болар еді. Ойлану керек. Жан-жаққа қарау керек. Баяғы болған жағдайды да ескен шығармаған дұрыс. Егер осылай ұйықтап отыратын болсаңыз, оңай болмайды», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Темір ауданы, Шұбарши ауылында 2011 жылы шілде айында қарулы қақтығыс болды. Сол кезде 6 полиция қызметкері мен 12 қарулы топ мүшесі қаза тапқан еді.

Жиналыс кезінде өңір басшысы Ақтөбе облысындағы проблемаларды түйіндеді. Өндіріс, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта бизнестің дамуы баяу. Әрі қарай өңдеу өнеркәсібін дамытып, инвестиция тарту жұмысын жандандыру қажет. Ет өңдеу, мал азығын дайындау, етті экспорттау жұмыстары да тұралап тұр. Жол бойындағы қызмет көрсету саласы жетілдіруді қажет етеді. Бұл мәселелерді тізбектеген өңір басшысы Сапарбаев аудан әкімдеріне «сыннан қорытынды жасауға» тапсырма берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/944674-saparbaev-oz-isine-salghyrt-qaraytyn.html