RU

Мектеп табалдырығын аттамай-ақ, ғаламтормен білім алуға көшкен жеткіншектер мамандарды алаңдатып отыр

Соңғы жылдары мектеп оқушыларын алыстан оқыту жиі тәжірибеге еніп келеді. Мектеп табалдырығын аттамай-ақ, ғаламтормен білім алуға көшкен жеткіншектердің бәрі шет елдің оқыту орталықтарынан сабақ ала бастаған. Себебі, Қазақстанда балаларды онлайн оқыту мүмкіндігі жоқ екен деп хабарлайды 31 арна.

Гүлзира Өтегенованың 2 қызы биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап үйде отырып, білім алуға көшкен. Уақытты үнемдеуге мүмкіндік берген бұл жағдайдан соң, "балалардың қатысатын үйірмелері көбейіп, өзін-өзі дамытуға жағдай жасалды" дейді ол. Ал төртінші және бесінші сыныптарда оқитын Сабина мен Алсу аптасына 1-2 рет онлайнға қосылып, сабақ алса, қалған уақыттарда үй тапсырмасын орындайды.

"Мектептегі пәннің бәрі бар. Бірақ қазақ тілі мен Қазақстан тарихы жоқ болғандықтан, біз үйде өзіміз репетитор жалдап оқытып отырмыз.  Жанұямызда, мен орыс мектебін бітіргеніммен үйде қазақша сөйлесуге тырысамыз", - дейді ата-ана Гүлзира Өтегенова.

Үй шаруасындағы Гүлзира балаларының сабағын күнделікті жіті қадағалайтынын алға тартты. Олардың ата-аналар жиналысы да онлайн өткізіледі екен. Әр балаға айына 28 мың теңге оқу ақысын төлеп отырған отбасы, есесіне елеулі нәтижеге қол жеткізіп отырғандарын айтады. Ал заңгерлер "жасөспірімдерді қашықтықтан оқыту - тек кейбір жағдайларда ғана рұқсат етілген" дейді.

"Қашықтықтан оқытуға қандай жағдайда рұқсат беріледі? Бала мүгедек болған кезде, қоғамдық ортада психологиялық ауытқу болған кезде, тері аурулары сияқты көпшілікпен араласуға кедергі келтіретін биологиялық аурулар бар кезде қашықтықтан оқуға мүмкіндік беріледі", - дейді заңгер Орынбасар Тілепберген.

Педагог мамандардың айтуынша, жоғары сыныптарда балалардың мектепке барғаны дұрыс. Себебі, оқу бағдарламасы жыл сайын қиындай түспек. Демек, оқушының өз бетімен жаңа тақырыпты игеруі екіталай. Деседе білімді ұрпақ тәрбиелеуге тырысқан ата-ана өз бағыттарының дұрыс екеніне сенімді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/944981-mektep-tabaldyryghyn-attamay-aq-ghalam.html