RU

Айтыста Тасмағамбетовті сомдаған ақын "Мәсімовті" тығырыққа тіреді (фото)

Көрермен назарына 31 арнадан ұсынылып жүрген "Айтыс алаңы" жобасының жартылай мәресінде қос ақын Рүстем Қайыртайұлы мен Мұхтар Ниязов сөз жарыстырды. Мәсімов пен Тасмағамбетовтің кейпіне енген ақындардың тартысты бәсекесіне NUR.KZ тілшісі куә болып қайтты.

Жекпе-жек басталысымен-ақ, адуынды Рүстем Қайыртайұлы Иманғали Тасмағамбетов кейпінде жас болса да, найзаға сақ министр екенін баса айтты.

Президенттің нұсқауымен "босағасы босап кеткен жерге шеге боп аттанған" Иманғали Кәрім Мәсімов кейпіндегі Мұхтарды "Ауырсын қазақ үшін сол басыңыз", "Мұртыңыз қалың болып тұрса да, жұрттың жүйкесі жұқарды" деп түйреп өтті.

Мәсімовті бейнелеген Мұхтар да қарсыласынан қалыспай, Ақордада жақында Джон Керримен кездескенін алға тартты. Бірақ, айтыскер тығырыққа тірелгенін сездіргендей, "Мәсімовті езе бергенше, аяғыңа мәсі киіп ал" деп сасқалақтап қалды.

Ал Рүстем ақын өз кезегінде көп мәселенің басын қайырды. Ол қазіргі премьердің қазақшаны әлі күнге дейін қағаздан оқитынын бетіне басып, намыс үшін қазақ тілін үйренуге үндеді.

"Суық тиген сәбидің қызуындай, базардың өсіп барады бағасы да", - деп шындықты жырлады Рүстем. "Мәсімовті" сөзбен сұлатып салған "Тасмағамбетов" жекпе-жек кезінде басымдығын танытып, ел жағдайын түзеу керектігін меңзеп отырды.

Ақынның жырлауынша, жұрт бұрын автоматпен атысса, бүгінде ақпаратпен атысады. Бүгінгілер қорғанысты шабуылмен шатыстырып алған.

Енді бірде өзінің әншілік қабілетін кештерде паш етіп жүрген Тасмағамбетов кейпіндегі Рүстем Мәсімовті сомдап отырған Мұхтарға ән айтуға қолқа салды.

"Төрт ауыз өлең айтып бермейсің бе, шынымен қазақ болсаң түйе мінген" деген ақынның сұрауынан Мұхтар тағы да сүрініп, жеңілгендігін мойындағандай сыңай танытты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/945185-aytysta-tasmaghambetovty-somdaghan-aq.html