RU

Екібастұз өңірінен табылған бірқазанға «Пряник» есімі берілді

Екібастұз өңіріндегі «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің мамандары өндіріс ошағының жанынан сұр бірқазанды тауып алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің директоры Аждар Жүсіповтің айтуынша, өндіріс ошағының мамандары жараланған құсты екі апта бойы ұстап, күтіп-баптаған. Қанаттыға қамқорлық көрсетумен қатар, оған «Пряник» есімін де берген.

«KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің қызметкерлері қанаты жараланған құсты «Шанс» ветеринарлық емханасына апарған. Кейін мал дәрігерлері бұл оқиға жайында облыстағы орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясына хабарлады. Ведомство мамандарының шешімімен бірқазан Ақсу қаласындағы жас натуралистер станциясының қамқорлығына беру туралы шешім қабылдады, - дейді Жүсіпов.

Аталмыш мекеменің орман шебері Айсана Жәкештің айтуынша, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген сұр бірқазан күніне бір келіге дейін балық жейді.

"Құстың салмағы 13 келіге дейін жетеді. «Пряник» деп аталып кеткен бірқазан шамамен екі жаста. Жынысы әзірге белгісіз. Ол еліміздің Зайсан, Балқаш және Ақсу аумағындағы Қара Ертіс өзенінде кездеседі. Сонымен қатар Үндістан және Индонезия елдерінде өмір сүреді. Қанаттының денсаулығы қалпына келтірілген соң, табиғат аясына жіберіледі", - дейді Жәкеш.

Айта кетерлігі, осыдан екі апта бұрын облыс орталығындағы Дачный шағын ауданында балобан қыраны табылған. «Қызыл кітапқа» енгізілген бұл құс та Ақсу қаласындағы жас натуралистер станциясының қамқорлығына берілді. Еске сала кетсек, бұған дейін Павлодар өңірінің орманшылары Ленин кентінен табылған «Қызыл кітапқа» енгізілген қиқылдақ аққуға Настя есімін берді. Қазіргі таңда киелі құс Кенжекөл ауылының маңындағы Шортанды көліне еркіндікке жіберілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/945426-ekibastuz-onhirinen-tabylghan-birqaza.html