RU

Қостанай облысының әкімі жастарға ханафи мазхабын насихаттау керектігін айтты

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапары барысында Денисов ауданындағы «Жұма» мешітіне арнайы соқты. Жиылған жамағатпен кездесіп,  мешіт ұжымына Lada Granta көлігін сыйға тартты.

Бұл туралы Қостанай таңы хабарлайды.

Аталған мешіттің қазіргі ғимараты 1992 жылы мұражай болған. Ал 1995 жылы мешіт болып ашылып, жамағаттың игілігіне берілді. Сол уақыттан бері бұл жер мұсылман қауымның бас қосатын қасиетті орнына айналды.

"Кеңес Одағы кезінде елімізде елу мешіт қана бар еді. Тәуелсіздік алғанан кейін олардың саны көбейіп, қазір екі жарым мыңға жетті. Асыл дініміздің қанат жаюы — елбасының кемеңгер, сарабдал саясатының арқасы. Рухани тәрбиеге жастарды тарту керек. Соның ішінде, жастарға дұрыс ілім, тәлім-тәрбие беріп, ислам дінінің дұрыс бағытын, ханафи мазхабын насихаттаған жөн. Бұл мешітке келетіндер ислам дінінің  тазалығын түсінуі керек. Мұсылманның ешкімге қиянат жасамайтынын, бір-біріне қамқор болатынын білуі тиіс. Ауыл ақсақалдары мен зиялы қауым бірлесе кірісетін сауапты іс осы,- деді облыс әкімі Мұхамбетов.

Діни мейрам күндері мешітке 150-200 адам келеді. Ал басқа уақыттары 20-30 адамнан аспайды. Өңір басшысы мешітке жамағаттың аз келетінін айтты.

Мешіт ғимаратына биыл күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Нысанның жертөлесі жаңартылды. Еденге линолеум төселіп, жаңадан газ плиталары мен ыдыс-аяқ сатып алынды. Ғибадатханаға пластикалық терезе орнатылып, жаңадан аспашамдар (люстра) ілінді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/945866-qostanay-oblysynynh-akimi-zhastargha-kha.html