RU

Оралда қорлық көрген сарбаздар командирінен таяқ жеген сәтін таспаға түсіріп шағымданды

 Оралдағы 5517 бөлімінде келісім шарт негізінде қызмет ететін жауынгерлер командирлерінен қорлық көрдік деп мәлімдеді. Тіпті басшының былапыт сөз айтып, балағаттағанын таспаға түсіріп алыпты деп хабарлайды КТК арнасы.

Таспадан расымен командирдің қызметкерлерге дауыс көтеріп тіпті ақша сұрап жатқанын анық аңғаруға болады. Иектерінің астында болып жатқан жәйттен тек бөлімше басшылығы хабарсыз.

Жауынгерлерді жерден алып, жерге салған басшының былапыт сөзі мен әрекетін қол астындағы қызметкерлері жасырын түсіріп алған. Онда рота командирі Азамат Хамсиннің офицерлермен қалай дөрекі сөйлесетінін анық аңғаруға болады. Шектен шыққан шендінің әрекеті бәрін мезі қылған сыңайлы. Сарбаздардың бірі басшысымен болған кикілжіңде тіпті төбелесуге дейін барған.

Өзінің бет жүзін көрсетуге үзілді-кесілді қарсы болған азамат аты аталған командирден талай құқай көргенін айтады. Бірақ басшының шектес тыс әрекетіне шыдамай жұмыстан шығып тыныпты. Айтуынша, Азамат Хамсин қол астындағы қызметкерлердің бәріне күн көрсетпейді екен.

"Осылай офицерлерге тиісе берсе кім шыдайды оған. Екінші атқыштар ротасында қызметкерлер жиі ауысып жатады. Себебі мұндай басшымен ешкім жұмыс істегісі келмейді", - дейді №5517 әскери бөлімінің бұрынғы қызметкері.

Сонымен бірге Азамат Хамсин жауынгерлерден ақша да талап еткен. Сөзіне сенсек, қаражат қара басына емес, бөлімшенің қажеттіліктеріне керек екен.

Аты аталған бөлімше басшылары бұл жағдайдан хабарсыз екен. Айтуларынша, ешқандай арыз түспеген. Дегенмен ғаламторға тараған таспа жұмыстан қуылған сарбаздардың командирден өш алу мақсатындағы әрекеті деген пікірде.

"Бұл жұмыстан қуылған жауынгерлердің әрекеті болуы мүмкін. Өш алу мақсатында олар командирді әдейі таспаға түсіріп, ақпарат құралдарына жариялаған", - дейді №5517 әскери бөлімінің командирі Аян Есжанов.

Бір белгілісі бейнетаспадағы басты қаһарман бұл қызметке бес ай бұрын тағайындалған екен. Әскери салада 11 жыл тер төккен Азамат Хамсин Оралға Ақтаудан ауысып келіпті. Басшылар оның жұмысына тек оң баға беріп отыр. Соған қарамастан осы жағдайдан кейін әскери прокуратура қылмыстық іс қозғады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/946210-oralda-qorlyq-korgen-sarbazdar-koman.html