RU

Алматыда студенттерді жатақханадан қуған декан орынбасарының басы бәлеге қалды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде декан орынбасары студенттерді тәртіпке саламын деп, өзі тәртіптік кеңеске тартылып отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

География факультеті басшысының оң қолы қоғамдық іс-шараға қатыспаған шәкірттерді жатақханадан шығару жайлы өкім шығарған. Енді өзі ақталып әлек.

Белгілі болғандай, декан орынбасары 3 студентті жатақханадан қууды қағаз жүзінде бұйырған. Шәкірттер бір ай бұрын өткен «Тур Алматы - 2015» веложарысына қатыспағаны үшін қара тізімге ілініпті.

"Веложарысқа біз өз еркімізбен шығамыз деп қол қойдық. Бірақ айтып отырған үш студент отбасылық жағдайларға байланысты өз үйімізге қайтып кеттік", - дейді студент Көпжасар Қайратбекұлы.

Ал География және табиғатты пайдалану факультеті деканының орынбасары айтқанына көнбеген шәкірттерін қорқыту үшін бұйырық жаздым деп ақталыпты. Дегенмен Айдар Жұмалиповтың өзі ақыры ескерту алып тынған.

"Декан орынбасарының бұндай өкім шығаруына қызметтік құқығы да жоқ. Сондықтан қызметтік этиканы бұзғаны үшін біздің қызметкеріміздің бар мәселесі тәртіптік комиссияда қаралды, тәртіптік шара қолданылды", - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тәрбие ісі жөніндегі департамент директоры Меңдігүл Ноғайбаева.

Ал деканаттың қара тізіміндегі үш студент - Ерлан Ақтымбаев, Көпжасар Қайратбекұлы және Маржан Әділбаева жатақханадан шығарылмаған екен. Оларға қатысты ешқандай шара қолданылмайды деп сендірді басшылық.

3 студентті тәрбиелемек болып, өзі жазаланған декан орынбасарының жағдайы өзге басшыларға сабақ болмақ. Себебі кез келген жоғарғы білім беру ордасының шәкірттері мен бюджеттік сала қызметкерлерінің әкімдік тарапынан ұйымдастырылатын түрлі іс-шаралар мен жиындарға мәжбүрлі түрде жіберілетіндігі ешкім айтпаса да белгілі. Бірден оқудан қуылып, жұмыстан қысқартылмаса да басшылардың қара тізіміне ілініп қалатыны бұрыннан мәлім жағдай.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/946226-almatyda-studentterdi-zhataqkhanadan.html