RU

Қарағандыда 18 миллион теңгеге жылы аялдамалар орнатылмақ

Әр аялдаманы он миллионға салып жатқан Астанадан соң, Қарағанды да қалыс қалмай, миллиондарға жылы аялдамалар орнататын болды. Қытымыр аяздан қорғайды деген екі аялдамаға 18 миллион теңге жұмсалмақ.

Бірақ қыруар ақша жұмсалмақ құрылыс әлден көпшіліктің күмәнін келтіріп отыр.

Қарағандыдағы вокзал қызметкерлері қыстың қырық градус аязында жылы аялдамаларды салуды елорададан бұрын ойлағандарын айтады. Бірақ қаржы табылмаған соң, ақыры құрылысты өз қаржыларына кешуілдетіп бастапты.

Астана шенеуніктерінің миллиондап ақша жұмсап, бір айға да жетпей сыр берген аялдамаларынан сескенді ме, әйтеуір қарағандылық вокзал өкілдері әзірге екеуін ғана орнатпақ.

"Суыққа, жауын-шашынға ұшырамайды, ыңғайлы. Енді ол жерде жылу жүйесі болмаса да желден, жауыннан сақтайтын ғимараттар салуды ойымызда-тын. Соны бастадық", - дейді Қарағанды автовокзалы директорының орынбасары Елбек Жұмажанов.

Қыруар қаржы бөлінген екі бірдей аялдаманың құрылысы осыдан бір ай бұрын басталған. Нысандар қолданысқа жылдың соңына дейін беріледі деген жоспар бар. Вокзал басшылығы, «жабық аялдамаларда бейнебақылау камералары мен wi-fi жүйесін орнатамыз» дейді.

Тіпті, шенеуніктердің көп мақтаған электронды билеттеу құрылғылары да қойылмақ. Бірақ қарағандылықтар бұған әлі дайын емес сыңайлы. Көпшілік «Астанадағы жағдай бізде де қайталанып, қыруар ақша желге ұша ма деп» әлден алаңдап отыр.

Бірақ ақшаны оңды-солды жұмсаған вокзал қызметкерлері халықты сабырға шақырып әлек. Сөздерінше, екі ғимараттың есігіне түнде құлып салынады-мыс.

Бірақ мықты металдардан алғашқы болып орнатқан Астана атқамінерлерінің осындай нысандары қарашаның алғашқы суығына да төтеп бере алмаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/946363-qaraghandyda-18-million-tenhgege-zhyly-ayal.html