RU

Нұртас Адамбай кинодағы ең алғашқы сәтсіздігі туралы айтып берді

Атақты актер әрі режиссер Нұртас Адамбай өзінің кинодағы алғашқы сәтсіздігі жайлы оқырмандарымен сыр бөлісті. Әртіс киноға түсу үшін тұңғыш іріктеу байқауынан өтпей қалған, деп жазады NUR.KZ.

"Осыдан біраз жыл бұрын мен бір фильмнің іріктеу кезеңіне қатыстым. Актер болсам деген үлкен арманым болды. Көп дайындалдым, көп қобалжыдым. Бірақ, соңында өтпей қалдым. Режиссер менің кино үшін жаралмағанымды бетіме айтты", - дейді сол кездегі әсері жайлы Нұртас Адамбай.

Әртіс сәтсіздігі үшін өзін талай рет сөгіп, өзін дұрыс ұстамағаны үшін, режиссерді сендіре алмағанына көп қынжылған.

"Қолымды бір сілтеп, басқа салаға ауысқым да келді. Бірақ, ішкі дүнием мақсатымнан таймайтынымды сездіртті. Міне солай "Наша Казаша", "КЗландия", "Ауылдан қашу операциясы" туындылары дүниеге келді", - дейді актер.

Біршама тәжірибе жинақтаған соң, Нұртас Адамбай жеке кино түсіруге бел буады. Алайда, бар күш-жігерін жинап тәуекел етуге тағы екі жылдай уақыт кетеді. Сөйтіп, 2014 жылы "Келинка Сабина" кинокартинасы жарыққа шығады.

Қазірде Нұртас Адамбайдың табысты фильмі Қазақстанда қаржылық жинағы бойынша тек "Аватарды" ғана алға жіберіп тұр. Болашақта көрермен назарына ұсынылатын 2 кинотуындысына да актер үлкен үміт артады.

"Ағайынды Коэндер жасаған "Фарго" фильмінің бір эпизодында балықтар бейнеленген плакат  ілініп тұрады. Онда жалғыз балықтың ағысқа қарсы жүзіп баратыны суреттелген. Астында "Жалғыз қалу - сенікі қате дегенді білдірмейді" деген сөз бар. Мен осы жағдайды басымнан кешірдім", - дейді танымал актер.

Айта кетерлігі, Нұртас Адамбай іріктеу кезеңінен өтпей қалған фильм көрерменнің ықыласына да бөленбеген екен. Сондықтан актер жазылушыларын өз-өзіне сеніммен қарауға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/947065-nyrtas-adambaj-kinodagy-en-algashky-setsizdigi-turaly-ajtyp-berdi.html